AХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) төлем қызметтерін көрсету саласындағы кешенді реттеушілік базаны қабылдады. Бұл ретте AХҚО-ның «Төлем қызметтерін көрсету туралы» ережелеріне (Providing Money Services), AХҚО-ның жалпы ережелеріне, AХҚО Глоссарийіне, AХҚО-да қызмет жүргізу ережелеріне, Банктік қызмет бойынша пруденциялық ережелеріне және Цифрлық активтермен байланысты қызметке қатысты ережелеріне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа реттеушілік база келесі кезеңмен күшіне енеді:
- 2025 жылдың 13 қазанынан бастап – төлем қызметтерін көрсету кезінде қолданылатын анықтамалар, капиталға қойылатын талаптар және цифрлық активтерді пайдалану мәселелеріне қатысты ережелер;
- 2026 жылдың 13 қаңтарынан бастап – клиенттердің құқықтарын қорғау және киберқауіпсіздікке қатысты ережелер.
Бұл бастама төлем қызметтерін негізгі қызмет түрі ретінде көрсететін AХҚО қатысушыларының санының артуына жауап ретінде қабылданды. Қазіргі таңда AХҚО-да 10 лицензияланған төлем қызметтерін жеткізуші (Money Service Providers, MSPs) тіркелген. Жаңа реттеуші база тұтынушылар үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті және инновациялық қаржы нарығының дамуына қолдау көрсетуге бағытталған. Ережелер жинағы қолданыстағы талаптарды біріздендіріп, түсінікті және жүйелі құжатқа біріктіреді, бұл төлем қызметтерін реттеу процесін оңайлатады.
Жаңа реттеуші базадағы негізгі өзгерістердің бірі – реттелетін төлем қызметтерінің аясын кеңейту болды. Жаңартылған тізімге келесі қызмет түрлері енгізілді: валюталық айырбастау, төлем шоттарын ұсыну және жүргізу, төлем транзакцияларын эквайринг, төлемдерді инициациялау және шоттар туралы ақпаратты ұсыну. Құжат сондай-ақ AFSA реттеуіне жатпайтын қызмет түрлерін нақтылайды. Оларға техникалық қолдау (соның ішінде бұлттық инфрақұрылым мен сәйкестендіру құралдары), өтімділікті қамтамасыз ету мақсатында цифрлық активтер қызметтерін көрсететін провайдерлер (соның ішінде шетелдік провайдерлер) арасындағы операциялар, сондай-ақ пайдаланушылардың өз есепшоттары арасындағы цифрлық активтерді аударымдары және басқа да кейбір ерекшеліктер жатады.
Сондай-ақ жаңа реттеуші база AFSA құзыреттерінің шекараларын нақтылайды. Ережелер күшіне енгеннен кейін, егер цифрлық активтермен жасалатын операциялар мәні жағынан дәстүрлі ақша қызметтеріне ұқсас болса — мысалы, цифрлық активтерді аудару немесе эквайринг — AFSA оларды қадағалауға құқылы болады. Реттеуге төлемдерді инициациялау қызметіне ұқсас қызметтерді көрсететін кастодиан емес провайдерлер де кіреді, мысалы MetaMask немесе Trust Wallet.
Цифрлық активтерді қолданудың артуын ескере отырып, құжат төлем қызметтерін жеткізушілер үшін екі операциялық модельді көздейді:
- Аралық модель (bridge model) — төлем қызметтерін жеткізуші цифрлық активтерді клиенттің атынан өзі жіберетін, сақтайтын немесе қабылдайтын жағдай;
- Тікелей модель (direct model) – төлем қызметтерін жеткізуші делдал ретінде әрекет етіп, клиенттерге цифрлық активтерді тікелей – клиенттің әмияны мен MSP әмияны арасында – жіберуге немесе қабылдауға көмектесетін жағдай.
Тұтынушылардың сенімін арттыру мақсатында клиенттерді қорғау шаралары қарастырылған. Оларға келісімшарттарда ақпаратты міндетті түрде ашу, қаражатты қайтару ережелері, рұқсат етілмеген операциялар үшін жауапкершілік, сондай-ақ шағымдар мен өтініштерді қараудың нақты белгіленген тәртібі жатады.
Қалыптасқан реттеушілік қағидаттарға сәйкес, AFSA операциялық және киберқауіпсіздік тұрақтылығына қойылатын жоғары талаптарды сақтап келеді. Бұл – технологиялық инфрақұрылымды басқару, ІТ-тәуекелдерді үнемі қадағалау және тестілеу, тәуелсіз ІТ-аудит жүргізу, киберқауіпсіздік саясатын іске асыру және кибероқиғалар туралы хабарлау рәсімдерін сақтау талаптарын қамтиды. Сонымен қатар, алаяқтық тәуекелін азайту үшін көпфакторлы аутентификацияны қолдану міндетті болып қала береді.