Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінде жас сарбаздарға жауынгерлік қару табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ел тыныштығын күзетуде алғашқы қадамдарын бастаған ұландықтар үшін бұл салтанатты шараның маңызы ерекше. Жауынгерлік рухты нығайтуға бағытталған іс-шараға әскери бөлім офицерлері мен сержанттық құрам толық қатысты.
Салтанатты рәсімде әскери бөлім командирі, полковник Өміржан Сахатов жас сарбаздарды құттықтап, оларға алдағы әскери қызметтерінде сәттілік тіледі.
– Құрметті жас сарбаздар! Күні кеше ғана Отан алдындағы анттарыңызды қабылдадыңыздар, енді, міне, жауынгерлік қару табысталып отыр. Бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Ұлттық ұлан – еліміздің ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты құрылым. Қолдарыңыздағы қаруды тек оқу-жаттығу мақсатында дұрыс пайдаланып, әскери тәртіп пен антқа адал қызмет ету – сіздердің басты міндеттеріңіз. Ел тыныштығы – сіздердің қолдарыңызда, – деді полковник Ө.Сахатов.
Шара соңында сарбаздарға табысталған қарудың атауы, нөмірі және берілген күні олардың әскери билеттеріне тіркелді. Бұл – жас сарбаз үшін жауапкершілік жүгін терең сезінудегі алғашқы маңызды кезеңдердің бірі болып қала бермек.