Орал қаласындағы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында үш айға созылған қазақ тілі курстары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тілді меңгеру – елге деген құрметтің белгісі. Осы орайда, Батыс Қазақстан облысының Тілдерді дамыту басқармасы мен Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бірлесіп ұйымдастырған арнайы оқыту курстары мемлекеттік тілді кәсіби әрі күнделікті қолданысқа енгізуге бағытталды.
Курсқа басқарма құрамындағы әскери қызметшілер белсенді қатысып, тілді меңгеру деңгейлеріне қарай үш топқа бөлінді. Сабақтар заманауи әдістемелер негізінде жүйелі түрде өтті. Нәтижесінде, 10 әскери қызметші — А1 деңгейін, ал 41 қызметкер — С1 деңгейін меңгеріп, арнайы сертификаттарға ие болды.
Бұл бастама – тек тіл үйрету емес, ұлттық болмысты тануға, рухани тұтастыққа бастайтын маңызды қадам. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оны кәсіби ортада кеңінен қолдану – әрбір азаматтың азаматтық парызы.
— Мемлекеттік тілді меңгеру – біздің азаматтық әрі әскери борышымыз. Қазақ тілін терең үйренуге бағытталған мұндай бастамалар тек тілді ғана емес, ел ішіндегі бірлікті де нығайтады. Қызмет барысында мемлекеттік тілде сауатты сөйлеу, ресми құжаттарды қазақ тілінде әзірлеу – басты ұстанымымызға айналуы тиіс, – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері, майор Артур Ажикенов.
Курс барысында әскери қызметшілер тек тіл үйреніп қана қоймай, ұлттық құндылықтармен де тереңірек танысты. Сабақтарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрі кеңінен қамтылды. Бұл — әскери ортадағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған нақты қадам.