Адам өмірінің ең биік бағасы – елге еткен еңбегімен өлшенеді.
Туған еліне қалтқысыз қызмет етіп, абыройлы еңбек жолымен өскелең ұрпаққа өнеге болған сондай азаматтардың бірі – бұрынғы Ішкі әскер саласында абыройлы қызмет атқарып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңадан құрылған 6655 әскери бөлімінің негізін қалаған, оның тұңғыш командирі Бақыткерей Қуатов.
Биыл ел мақтанышына айналған ардагер, аяулы әке, қоғам қайраткері, ел шежіресіне есімі алтын әріппен жазылған тұлға мерейлі 75 жасына толғалы отыр. Бақыткерей Сейіткерейұлы 1950 жылы 2 қыркүйекте Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Кейін отбасы Ойыл ауданына қоныс аударып, балалық шағы осы өңірде өтеді. 1957 жылы орыс мектебінің табалдырығын аттап, 1967 жылы орта білімін аяқтайды. Әкесі Сейіткерей Қуатов – КСРО Ішкі істер халық комиссариатының офицері ретінде елге абыройлы еңбек сіңірген, қатал тәртіп пен әділдікті ұстанған қайраткер жан болған. Осындай текті әкенің тәрбиесін көріп өскен Бақыткерей жастайынан еңбекке ерте араласып, арман мен мақсат жолында табандылық танытты.
Мектеп бітірген соң заңгер болуды армандап, ҚазМУ-дің заң факультетіне құжат тапсырады. Алайда қабылданбай, туған ауылына оралады. Сол жылдары ауыл мектебінде лаборант болып еңбек етіп, құрылыс саласында да қолтаңбасын қалдырады. Арман оты сөнбей, Мәскеуге барып қайта оқуға тапсырады, бірақ бұл жолы да бағы жанбай, тағдыр оны әскери жолға бұрады. Саратов қаласында жол үстінде жүрген кезінде әскер қатарына алынып, өзінің өмірлік жолын табады.
1968–1971 жылдары Ішкі әскер қатарында әскери борышын өтеп, взвод командиріне дейін көтеріледі. Әскери қызмет оның өмірлік бағытын айқындап, тәртіп пен тұрақтылықты өмірлік ұстанымына айналдырады. Қызмет барысында ұдайы жоғары нәтижелер көрсетіп, сапта жүріп, сарбаз тәрбиелеудің үлгісін көрсетті. Әскер қатарынан шыққан соң, ішкі істер органдарына қабылданып, Ақтауда батальон командирі, жауынгерлік дайындық бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. 1990 жылы желтоқсанда зейнетке шыққанымен, ел тәуелсіздігі жарияланған сындарлы сәтте — 1992 жылы қайта әскер қатарына шақырылады.Бұл жолғы тапсырма бұрынғыдан да маңызды болатын: жаңадан құрылып жатқан ҚР ІІМ Ішкі әскерінің құрамында Ақтөбе қаласында бөлім жасақтау. Сол тарихи сәтте, яғни 1993 жылы Қуатов Бақыткерей Сейіткерейұлы 6655 әскери бөлімінің алғашқы командирі болып тағайындалып, бөлімнің іргетасын қалап, толыққанды құрылым ретінде қалыптасуына тікелей басшылық етті.
Ол осы бөлімде 1993 жылдың ақпанынан бастап, 1996 жылдың мамыр айына дейін – үш жыл үш ай бойы командирлік қызмет атқарды. Бұл – бөлімнің енді ғана бой түзеп, бағыт-бағдарын айқындап жатқан сын сағаттары болатын. Сол күрделі кезеңде офицерлік құрамды жасақтау, тәртіпті орнықтыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, жеке құраммен моральдық-психологиялық жұмыс жүргізу сынды қыруар істі табандылықпен атқарып, бөлімді еңселі әскери құрылымға айналдырды. Қызмет еткен жылдары Бақыткерей Сейіткерейұлының басшылығымен 6655 әскери бөлімінде әскери тәртіп пен ұйымшылдық орнап, сарбаздар мен офицерлер арасында айрықша сенім мен сыйластық қалыптасты. Ол әр қызметкердің тағдырына бей-жай қарамайтын, адами қасиетті жоғары қойған, бірақ әскери тәртіптен бір елі таймайтын талапшыл басшы еді. 1996 жылы 45 жасында подполковник әскери шенімен қызметін тапсырып, абыроймен зейнет демалысына шықты. Бірақ еңбекке деген құлшынысы сарқылмай, одан кейін де банкте инкассация бөлімінің басшысы, мұнай компаниясында филиал директоры қызметтерін атқарып, әр салада өнегелі із қалдырды.
Бүгінде ұрпағымен ұлағатты ғұмыр кешіп отырған ардагердің иығынан шен кетсе де, жүрегінен елге деген сүйіспеншілік кеткен жоқ. Бір ұл тәрбиелеп, екі немересінің қызығын көріп отырған бақытты ата. Ұзақ жылдық қызмет жолындағы адалдығы мен жауапкершілігі үшін көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Әскери қызметтегі ерекшелігі үшін», «Құқық қорғау саласындағы мінсіз қызметі үшін» I және II дәрежелі медальдар, ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы, ҰОС Жеңісінің 50 және 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар, сондай-ақ 6655 әскери бөлімінің 25 жылдығына арналған төсбелгі бар.
Бүгінде еліміз тыныш, аспанымыз ашық. Мұндай берекенің артында дәл Бақыткерей Сейіткерейұлы сияқты аға буын өкілдерінің өлшеусіз еңбегі, ерен ерлігі, үлгілі жолы жатыр. Ол — бейбіт күннің шынайы батыры, әскери саланың кемел шежіресі. 6655 әскери бөлімінің негізін қалап қана қоймай, болашағына бағыт-бағдар берген тұлға ретінде оның есімі бөлім тарихында әрдайым құрметпен аталатыны анық.
Бүгінгі жауынгерлер мен жас офицерлер оның бойындағы биік рух пен қызметке деген адалдықты үлгі етіп келеді. Өйткені тәртіп пен тектілік ұштасқан жерде ғана нағыз әскери рух қалыптасады. Бақыткерей Сейіткерейұлы – халқына тірек болған, Отанға қалтқысыз қызмет еткен шынайы азаматтың бейнесі. Ол – 6655 әскери бөлімінің тарихындағы шынар тұлға, ұлтқа үлгі боларлық ардагер. Келе жатқан мерейлі жасыңыз құтты болсын, Бақыткерей Сейіткерейұлы! Сіздің адал жолыңыз бен ерен еңбегіңіз – елдің жадында, ұрпақтың жүрегінде.
Қатардағы жауынгер
Құралбек АМАНДЫҚҰЛЫ