Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері ел спорты тарихының тағы бір жаңа парағын ашты.
Олар семсерлесуден өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды Жарыс Грузияда өтіп, дүние жүзінің ең мықты командаларын жинаған болатын, деп хабарлайды DKnews.kz.
Командалық есепте шпагамен өткен бәсекеде ұландық спортшылар сенсациялық жетістікке қол жеткізді.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған Франция командасын 45:31 есебімен айқын жеңді.
Бұл қола - шпагамен семсерлесуден командалық есепте Қазақстан тарихындағы алғашқы әлемдік жүлде болды.
Турнир барысында ұландықтар Ресей, Қытай және Италия командаларын жеңіп, кәсіби шеберлік пен төзімділіктің жоғары үлгісін көрсетті. Жартылай финалда Жапониямен болған тартысты кездесуде қарсыластан әлдеқайда көп ұпай жинағанына қарамастан, соңғы сәтте жеңісті қолдан беріп қойды - бұл жағдай Азия чемпионатының бір ай бұрынғы финалында да қайталанған еді.
Тарихи жүлде жеңіп алған команданың құрамына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері енді:
- Лейтенант Эльмир Әлімжанов — спорт жөніндегі аға нұсқаушы;
- Ефрейтор Руслан Курбанов — спорт жөніндегі аға нұсқаушы;
- Ефрейтор Вадим Шарлаимов — дене дайындығы және спорт жөніндегі аға маман, аға нұсқаушы;
- Сондай-ақ Кирилл Проходов.
Бұл жеңіс - тек спорттағы жетістік емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің жоғары физикалық және жауынгерлік даярлығының айғағы. Олар ел мүддесін тек қызмет бабында ғана емес, халықаралық спорт ареналарында да абыроймен қорғап, Қазақстанның беделін арттыруда.
Батырларымызды шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің көк байрағы мен Ұлттық ұланның жауынгерлік туы астында әлі де талай биік белестерді бағындыруларына тілектеспіз!