Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мектептердің бірінде оқушылар мен ұстаздардың бастамасымен ерекше жоба жүзеге асты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Олардың қолға алуымен мектеп жанынан экологиялық бақ ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
№8 мектеп-лицейінің ауласында «ЖасЛандшафт» атты ландшафтық бақ ашылып, оқушылар үшін табиғатты тану мен жаңартылатын энергияны игерудің тәжірибелік алаңына айналды.
«ЖасЛандшафт» жобасының авторы – мектептің математика пәні мұғалімі Гүлшат Әбуова. Жасыл бастаманы мектеп ұжымы мен оқушылар бірауыздан қолдап, нәтижесінде экологиялық және эстетикалық мәнге ие ерекше бақша салынды.
«Жобадағы мақсатымыз – балаларды табиғатты аялауға баулу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және мектеп ауласын жаңаша, мәнді түрде көгалдандыру», – дейді жоба жетекшісі.
Ландшафттық бақ құрамында мынандай ерекше орындар бар:
• Түрлі гүлзарлар мен шөпті аймақтар;
• Табиғи тастардан жасалған шағын архитектуралық формалар;
• Демалыс орындары;
• Көкөніс және шөптесін өсімдіктер егілген тәжірибе аймағы;
• Компост жасау алаңы;
• Күн энергиясымен жұмыс істейтін шағын фонтан бар.
Жақында 8-сынып оқушысы өсімдіктің жапырағының өзгерісін байқап, оның себебін анықтау үшін шағын зерттеу жүргізген. Бұл оқушылардың сыни ойлау, жауапкершілік, бақылау дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Жобаға мектеп мұғалімдерімен қатар, оқушылар мен «Жасыл ел» бағдарламасының жас еріктілері де белсене қатысқан. Олар бірге жоспар жасап, бақшаны абаттандырып, су жүйесін орнатып, ландшафттық композициялар әзірледі.
Жоба «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасының мақсатымен үйлесіп, елдегі экологиялық тәрбие берудің озық үлгісіне айналып отыр.