ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңын аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іске қосу кешені №1 аясында негізгі іргетастар бойынша бетондау жұмыстары аяқталып, сыртқы инженерлік желілерді жүргізуді және автотұрақ аумағын асфальттауды қоса алғанда, жер жұмыстарының толық кешені орындалды. Басты төмендету қосалқы станциясында жерге тұйықтау жүйесінің бірінші кезеңі аяқталып, уақытша электрмен жабдықтау қосылды, автокөлік таразылары орнатылып, уақытша қойма жабдықталды.
Сонымен қатар, негізгі технологиялық аймақтағы нысандарда – әкімшілік-тұрмыстық кешенде, оператор бөлмесінде, қоймаларда және өрт сөндіру бекетінде – жер қазу және бетондау жұмыстары басталды. Алаңды жоспарлау, топырақты тегістеу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде.
Инспекция қорытындысы бойынша Әлібек Жамауов жобаны сапа стандарттарына сай және белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл зауыт Маңғыстау облысының ғана емес, жалпы елдің газ саласын орнықты дамыту жолындағы стратегиялық маңызы бар нысан екенін айтты.