Алматыда халықаралық шахмат фестивалі Qonaev Cup 2025 басталды

1386
Фотосурет: KazChess

2025 жылғы 4-12 тамыз аралығында Алматы маңындағы Олимпиадалық даярлық орталығында халықаралық шахмат фестивалі – «Almaty Region Open. Qonaev Cup 2025» өтіп жатыр. Оның басты турнирі Қазақстан Кубогының 3-ші әрі шешуші кезеңі болмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.

2023 жылдан бастап KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы классикалық шахмат бойынша Қазақстан Кубогын «Швейцар жүйесі бойынша кезеңдер және нокаут жүйесімен өтетін финал» форматында өткізіп келеді. Осы кезеңде жеңімпаз атанғандар қатарында – Мануэль Петросян (Армения) және Денис Махнёв (Қазақстан), Алуа Нұрман (Қазақстан) мен Екатерина Гольцева (FIDE) бар.

Биылғы күнтізбе 3 кезеңді (швейцар жүйесімен) және финалды (12 қатысушыдан тұратын айналмалы жүйемен) қамтиды. 1-ші кезең – «Владимир Дворковичті еске алу турнирі – Aktobe Open 2025» (Ақтөбе, 22-30 маусым): жеңімпаз – гроссмейстер Алексей Сарана (2686, Сербия). 2-ші кезең – «Oskemen Open 2025» (Өскемен, 21-29 шілде): жеңімпаз – гроссмейстер Алексей Гребнев (FIDE). Финалистердің негізгі бөлігі 3-ші кезеңнен кейін анықталады – «Almaty Region Open. Qonaev Cup 2025» (Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылындағы ОДО-да 4-12 тамыз аралығында).

KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отырған Алматы маңындағы ірі шахмат фестивалі үш турнирден тұрады:

  • Masters – рейтинг көрсеткіші 2400 және одан жоғары шахматшылар үшін;
  • Challengers – рейтингі 1900-2399 аралығындағы шахматшылар үшін;
  • Open – рейтингі 1400-1899 аралығындағы шахматшылар үшін.

Барлық турнирлер швейцар жүйесі бойынша 9 турда классикалық 90+ 30 уақыт бақылауымен өтеде (партияға 90 минут және әр жүріске бірінші жүрістен бастап 30 секунд).

30 шілдедегі мәлімет бойынша, «Masters» турниріне 15 елден 68 шахматшы тіркелген. Олардың қатарында: 22 гроссмейстер, 25 халықаралық шебер, 3 әйелдер арасындағы гроссмейстер бар. Басты турнирге 1 шілдедегі рейтингтік көрсеткіші 2500-ден жоғары 20 шахматшы қатысуда. Олардың қатарында: Африка құрлығының үздік шахматшысы – Бассем Амин (2633, Египет), «Pavlodar Open 2024» турнирінің жеңімпазы – Арам Акопян (2621, Армения), Максим Матлаков (2608, FIDE) – 2023 жылы Ян Непомнящий мен 2025 жылы Цзюй Вэньцзюнь командалары құрамында әлем чемпиондары матчтарына қатысқан.

Қазақстандық шахматшылар арасынан жуырда ғана Өскеменде өткен Кубоктың 2-ші кезеңінде көзге түскен төрттікке ерекше назар аударуға болады: Денис Махнёв (2535), Даниял Сәпенов (2414),  Әлішер Сүлейменов (2497) және Жандос Ағманов (2483). Өз нәтижелерін жақсартуға ынталы тағы бірқатар мықтылар бар: Арыстанбек Оразаев (2490), Азамат Өтеғалиев (2462) және Рамазан Жалмаханов (2456).

Қазақстан құрамасының бұрынғы, қазіргі және болашақ мүшелері арасындағы мини-чемпионат қызу өтпек. Олардың қатарында Зарина Нұрғалиева (2336), Ксения Балабаева (2332), Меруерт Камалиденова (2323), Алуа Нұрман (2306), Лия Құрманғалиева, Амина Қайырбекова (2273), Әсел Серікбай (2222), Аяулым Қалдарова (2138) және «Oskemen Open 2025» турнирінің сенсациясы атанған Зейнеп Сұлтанбек (2067) бар.

Маңыздылығы жағынан екінші Challengers турнирінде тәжірибелі шахматшылар мен жас дарындар тартысқа түседі. Атап айтқанда, гроссмейстерлер Виталий Козяк (2373, Украина) пен Алексей Барсов (2323, Өзбекстан), халықаралық шеберлер Аян Ахметов (2398) пен Кирилл Кудеринов (2340), сондай-ақ Қазақстан мен көршілес елдердің жас таланттары жарыста бәсекелес болады.

Сhess-results.com.

Masters турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры – 78 000 АҚШ доллары. Бас жүлде – 18 000 доллар, 2-ші орын – 14 000 доллар, 3-ші орын – 10 000 доллар,
15-ші орынға дейін жүлде қарастырылған – 1000 доллар. Егер әйелдер арасындағы үздік шахматшы 15-ші орыннан төмен орын алса, ол да 1000 доллар көлемінде арнайы жүлдеге ие болады.

Challengers турнирінің жүлде қоры – 15 000 АҚШ доллары (жеңімпазға – 4000 доллар), ал Open турнирінің жүлде қоры – 7000 доллар (жеңімпазға – 2000 доллар). Бұл турнирлерде де әйелдер арасындағы үздік ойыншыға және жергілікті шахматшыға арнайы жүлделер тағайындалған.

Барлық ойындар Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылындағы Олимпиадалық даярлық орталығында (ОДО) өтеді.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі 4 тамыз күні сағат 14:00-де басталады. Одан кейін барлық үш турнирдің алғашқы туры өткізіледі.
5-12 тамыз аралығында қалған 8 тур ойнатылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -