Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тіркелуі: Қарағанды облысында 9 мың фермер есепке алынды

1265
Фотосурет: Gov

Елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Қарағанды облысында бұл науқан 1050 ауыл шаруашылығы кәсіпорнын және шамамен 9 мың шаруа мен фермер қожалығын қамтитын болады. Санақ аграрлық секторды толық түгендеуге және статистикалық деректерді нақтылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн-кезеңі 1 тамызда басталды және 31 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында sanaq.gov.kz сайтына кіріп, сауалнаманы өз бетінше толтыруға болады.

– Барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарының, сондай-ақ мүмкіндігінше көп үй шаруашылықтарының санақтан онлайн-форматта өтуі аса маңызды. Бұл уақытты үнемдеуге, мәліметтерді өңдеу процесін жеделдетуге және интервьюерлердің қайталанбауына сеп болады. Сауалнаманы толтыру үшін sanaq.gov.kz порталына ЭЦҚ, SMS-хабарлама немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы кіріп, тіркелу қажет. Мұнда бір жайтты ескерте кеткен жөн: тіркелу кезінде растау коды бірден көрсетілген электрондық поштаға немесе телефон нөміріне жіберіледі. Ұлттық статистика бюросының мамандары ешқашан телефон арқылы хабарласып, төрт таңбалы кодты сұрамайды, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының Статистика департаментінің басшысы Сауле Қомытова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Сайтта екі түрлі сауалнама қарастырылған: бірі – ауыл шаруашылығы өндірушілеріне, екіншісі – жеке қосалқы шаруашылық иелеріне арналған. Сауалдар егістік жерлерге, ауыл шаруашылығы техникасына, мал басына, еңбек жағдайларына және өнім өткізу арналарымен байланысты. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін сайтта бейне нұсқаулықтар, түсіндірмелер мен тәулік бойы жұмыс істейтін Sanaq мырза атты чат-бот орналастырылған.

Компьютер немесе интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылған. Қарағанды облысы бойынша мұндай 183 орын жұмыс істеп тұр.

Брифинг барысында атап өтілгендей, барлық берілген ақпарат қатаң құпия сақталады. Жиналған деректер тек статистикалық мақсатта қолданылады және ешқандай жағдайда салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.

Санақтың екінші кезеңі 20 қыркүйекте басталады. Ол офлайн-режимде өтеді, бұл кезеңде сауалнама жүргізу жұмыстарын арнайы оқытылған интервьюерлер атқарады.

– Интервьюер ретінде жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтар 1446 нөміріне хабарласа алады немесе облыстық, қалалық және аудандық статистика басқармаларына тікелей жүгінуіне болады. Біз оларды сауалнамамен жұмыс істеуге және санақтың мобильді қосымшасын пайдалануға арнайы оқытамыз, – деді Сауле Қомытова.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -