Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қызылорда облысының Жалағаш ауданына барып, баламалы энергетика саласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сенаторлар «Nomad Solar» ЖШС-нің күн электр станциясына барды. Нысан 164 гектар аумақты алып жатыр, оның 75 гектарына күн панельдері орнатылған. Станция 2019 жылы іске қосылған және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосып, экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеді.
Парламент мүшелері мұндай жобалардың елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, экологиялық күн тәртібін ілгерілету үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, «жасыл» энергетиканы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.
«Альтернативті энергетиканы дамыту – еліміздің экологиялық мақсаттарына қол жеткізу және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолындағы маңызды бағыт. Мұндай жобалар өңірлердің тұрақты дамуына серпін беріп, экономика үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Руслан Рүстемов.
Іссапар барысында сенаторлар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген Таң ауылының тұрғындарымен де кездесті. Ашық диалог барысында суармалы судың жетіспеушілігі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері көтерілді.
«Ауылдық аумақтарды қолдау мен өңірлердің тұрақты дамуы Парламенттің үнемі назарында. Біз өңір халқы тап болатын түйткілдерді шешуге бағытталған бастамаларды дәйекті түрде ілгерілетіп келеміз. Тұрғындар көтерген барлық мәселелер мұқият сараланып, нақты шешімдер қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады», – деп атап өтті Наурызбай Байқадамов.