Сауда министрі азық-түлікке арналған әлеуметтік ваучерлер қалай жұмыс істейтінін түсіндірді

1166
Фотосурет: primeminister.kz / бейнежазбадан кадр

ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мұқтаж азаматтар үшін цифрлық азық-түлік ваучерлерінің тетігі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Арман Шаққалиев пилоттық жоба алдымен Ақмола және Павлодар облыстарында жүзеге асатынын атап өтті. Жоба шеңберінде мұқтаж азаматтар, яғни, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар азық-түліктерді «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы сатып ала алады. Бұл үшін оларға арнайы цифрлық ваучерлер беріледі. Бұл ваучерлердің иелері азық-түлікті сауда үстемесі қосылмаған арзан күйінде сатып ала алады.

«Азаматтар QR-код және төлем карточкасын пайдалана алады. Пилоттық жоба барысында қандай құрал анағұрлым тиімдірек екені анықталатын болады» Арман Шакқалиев

Көмектің бұл түрі кірісі кедейлік шегінен төмен азаматтарға ғана берілетіні атап өтілді. Тетік «eGov Mobile» мобильді қосымшасы негізінде – «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы жүзеге асырылатын болады. 

Жүйе бір айлық есептік көрсеткішке (АЕК) сүйене отырып, отбасының әрбір мүшесі үшін азық-түлік ваучерін автоматты түрде қалыптастырады. Ваучерді жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп анықталатын серіктес дүкендерден жеңілдіктер алу үшін пайдалануға болады. Сәтті сынақтан өткен жағдайда жоба бүкіл елге таратылады.

«Бүгінгі таңда шекті мерзімдер белгіленді. Биылғы жылдың күзінде біз пилоттық жоба бойынша барлық жұмыстарды жүргізуіміз керек. Одан кейін бета-нұсқа дайын болады» Арман Шакқалиев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -