Қазақ күресінен өтетін тұңғыш әлем чемпионатына 40 елдің әскерилері қатысады

1309
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Армиялық құрама алғаш рет өтетін қазақ күресінен әлем чемпионатына дайындалуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық армиялық спорт клубының қазақ күресі бойынша құрама командасы «Алма-тау» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Спортшылар тарихи оқиғаға – әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен болатын алғашқы әлем чемпионатына дайындалуда. Турнир 14–15 тамыз күндері Астанада Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қолдауымен өтеді.

Чемпионатты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырады. Оған әлемнің 40-тан астам елінен әскери спортшылар қатысады деп күтілуде. Мұндай чемпионатты өткізу – ұлттық күрес түрін халықаралық аренада кеңінен насихаттаудың маңызды қадамы болмақ және Қазақстанның спорттық беделін арттыруға септігін тигізеді.

Жиын барысында армиялық спортшылар екі апта бойы күшейтілген физикалық дайындық кезеңінен өтті. Бұл кезеңде олар салмақтар мен арнайы резиналық таспаларды пайдаланып, жаттығу құрылғыларында күніне екі мәрте жаттықты. Мұндай жаттығулар күш, төзімділік және жалпы физикалық дайындықты арттыруға бағытталған.

Базалық дайындық кезеңінен кейін құрама балуан кілеміндегі тактикалық дайындыққа көшті. Бұл кезеңде спортшылар тәсілдер мен қарсы тәсілдерді автоматты деңгейге дейін пысықтап, жарыс техникасын шыңдап, жаттықтырушымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

"Алдағы чемпионатқа сапалы дайындалу мақсатында оқу-әдістемелік жиындар өткізудеміз. Қазақстан ерлер және әйелдер дивизиондарында сегіз салмақ дәрежесінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Команданың көңіл-күйі жақсы, спортшылар бар күшін салып жаттығуда. Біз олардың жеңіске жететініне сенеміз және ел намысын лайықты қорғайды деп үміттенеміз" ҚР ҚМ Орталық спорт клубының қазақ күресі құрамасының аға жаттықтырушысы Асан Мәмбетқұлов

Жиындар толық шоғырлану жағдайында өтіп жатыр. Бұл бапкерлік құрамға әрбір спортшының мүмкіндігін терең түсінуге және ұжымдық рухты нығайтуға мүмкіндік береді. Орта ауыстыру спортшылардың көңіл-күйін көтеріп, жаттығуға деген ынтасын арттырып, жылдам қалпына келуіне ықпал етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -