Қазақстанның кеден қызметінде кадрлық тазарту мен қатаң бақылау күтілуде

1331
Фотосурет: UKIMET

Олжас Бектенов өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы берген халықаралық автокөлік өткізу пункттерін реконструкциялау жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы бойынша жиын өткізді.

Онда көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың баяндамалары тыңдалды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, биылғы жоспарда Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларындағы (ҚХР, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан) 9 өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстары тұр. Бүгінгі таңда олардың 4-еуінде: Қапланбек, Атамекен, Қалжат және Алакөл пункттерінде жұмыстар аяқталды. Бес нысанды жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін өз мәресіне жетпек. «Жібек жолы» жолаушылар өткізу пунктін реконструкциялау жоспардан тыс жүруде, аяқталуы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында көзделіп отыр.

Жаңғырту жұмыстары кезінде алты жолақты кірме жолдар, электронды қадағалау жүйелерімен қоса алғанда, барлық қызметтер үшін бірыңғай инфрақұрылым құруды көздейтін жағдай жасауға баса назар аударылды. 

Баяндамаларды тыңдаған Премьер-министр кеден қызметінің, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасы шекараларындағы автомобиль өткізу пункттерін жөндеу мерзімдерінің кешіктірілуіне байланысты салалық министрліктер жұмысын сынға алды.

Олжас Бектенов ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағаларын жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Сонымен қатар министрліктердің жауапты басшылары жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін өңірлерге жіберілді.

Кеден қызметінің кадр құрамына, әсіресе өткізу пункттеріне қатысты талаптарды қатаңдату, сондай-ақ жабдықпен жарақтандыру және интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша міндеттер қойылды.

Көлік, қаржы министрлеріне өткізу пункттерін реконструкциялау барысы туралы Премьер-министрге апта сайын есеп беру тапсырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -