Алматы онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша Қазақстан өңірлері арасында көш бастап тұр

1243
Фотосурет: Gov

2025 жылдың алты айының қорытындысы бойынша Алматыда онкологиялық аурулардан болатын өлімді төмендету бойынша тұрақты оң динамика сақталуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 30%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 60,2 жағдайды құрады, бұл белгіленген нысаналы деңгейден төмен және елдегі ең үздік нәтижелердің бірі болып саналады.

Бұған ерте диагноз қою маңызды рөл атқарады. Онкологиялық қызмет жұмысының және медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының белсенді қатысуының арқасында ерте кезеңдерде анықталған аурулардың үлесі едәуір өсті.

Мәселен, егер 2019 жылы 0–I-кезеңдерде обырды анықтау үлесі 33,6%-ды құраса, 2025 жылдың ортасына қарай ол 39,9%-ға жетті.

Бұл Қазақстанның барлық онкология орталықтарынык арасында ең үздік көрсеткіш.

Сонымен қатар, визуалды немқұрайлылық деңгейі төмендеді — визуалды қолжетімді локализациядағы ісіктер кеш сатыларда (III–IV) анықталған жағдайлар. Егер 2019 жылы мұндай жағдайлар 10% болса, 2025 жылы — 7%. Осы маңызды индикатор бойынша Алматы да ел өңірлерінің арасында бірінші орында тұр.

Мұндай нәтижелерге жүйелі скринингтік жұмыстың, сондай-ақ онкологиялық ауруға күдікті пациенттер үшін «жасыл дәліз» қағидаттарын қатаң сақтаудың арқасында қол жеткізілді. Скрининг МСАК жұмысы шеңберінде жүргізіледі және обырдың ең көп таралған түрлерін — жатыр мойны, сүт безі және колоректалдық обырды ерте анықтауға бағытталған.

Ағымдағы жылдың алты айында Алматыда скринингтік зерттеп-қараулармен қамту жылдық жоспардың орта есеппен 52,6%-ын құрады.

Жатыр мойны обыры бойынша 46 мыңнан астам әйел зерттеліп-қаралды, аурудың 20 жағдайы, олардың 80%-ы бірінші кезеңде анықталды. 411 обыралды жағдайы да анықталды.

Сүт безі обырының скринингі бойынша 60 мыңнан астам әйел зерттеліп-қаралды, обырдың 104 жағдайы, оның 62,5%-ы бірінші кезеңде анықталды. Колоректалдық обыр скринингінің шеңберінде 62 мың адам зерттеліп-қаралды, аурудың 19 жағдайы, олардың жартысына жуығы да бастапқы кезеңде анықталды. Сонымен қатар, 240-тан астам адамда обыралды өзгерістер анықталды.

Скрининг ауруды симптомдар пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді, бұл пациенттің тиімді емделу және толық қалпына келу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Пациенттерді маршруттаудың маңызды бөлігі «жасыл дәліз» қағидатын сақтау — онкологиялық күдікті науқастарды зерттеп-қарауға және консультацияға жедел жіберу болып қала береді. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес диагностиканың барлық кезеңдерінен өту үшін нақты мерзімдер белгіленді.

Алматыда тіркелген барлық онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі обыры, колоректалдық обыр, өкпе обыры, қуықасты безі обыры және асқазан обыры жиі кездеседі.

Қол жеткізілген нәтижелер — бұл бастапқы қызметтен бастап онкология орталықтарына дейінгі бүкіл жүйенің кешенді және үйлестірілген жұмысының, сондай-ақ зерттеп-қараулардың қолжетімділігін, диагностиканың сапасы мен халықтың хабардарлығын арттырудың нәтижесі екенін атап өту маңызды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -