Семейде Абай шығармаларының үш томдығы таныстырылды

1727
Фотосурет: Gov

Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар легі жалғасуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Онкүндіктің тоғызыншы күнінде Семейдегі Шәкәрім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен абайтанушылар мен әдебиеттанушылар, философтар мен тарихшылар қатысуда.

Облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мұхтар Әуезовтің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов конференцияның ашылуында құттықтау сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқының ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге.  Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы» деп атап көрсеткен болатын. «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтулы ғалымдар мен білікті мамандар жиналып, Абай ойының тереңіне ден қойып, сипатының сырына үңілгелі отыр. Конференцияға Түркия елінен, Нидерланды королдігінен келген және еліміздің, өңіріміздің айтулы ғалымдарына ризашылығымды білдіргім келеді. Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын терең зерделеу, ақынның шығармашылығы мен ой-толғамдарын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайымдау, Абай ілімінің ұлттық сананы қалыптастырудағы, білім мен тәрбиедегі, тұлға дамытудың мәдени-философиялық негізі ретіндегі орнын айқындау үшін жиналған барлық білімпаздарға да данышпанның сұрағы ортақ деп ойлаймын», – деді аймақ басшысы.

Конференцияда Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз, Нидерландыдан келген түркітанушы Роберт Эрмерс, филология ғылымдарының докторлары Тұрсын Жұртбай, Арап Еспенбетов және басқа да ғалымдар баяндама жасады.

Ерекше атап өтерлігі, конференция аясында 9 бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Соның бірі –  белгілі әдебиеттанушы ғалым, Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов құрастырған «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы». «Абай» баспасынан ақынның мерейтойына орай бұрын-соңды жарық көрмеген бірнеше кітап таныстырылды.

Ғалым, мәдениеттанушы Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы, Шəкəрім туралы естеліктер мен жаңа деректерді қамтитын «Шейіт» жинағы, Ақберен Елгезек, Мерей Қарт, Жанна Əділбекқызының құрастырған Ахат Шәкəрімұлының «Жалынға малған жүрегін» жинағы, Әсет Медеуханұлының «Халиолла» хикаяты, Даниял Ысқақовтың шығармалары, Шәкәрім университетіндегі «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының мамандары дайындаған AR «Қарасөз» кітабы оқырманға жол тартты. Бұл туындылар алғаш рет көпшілік оқырманға ұсынылып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -