Елорданың мәдениет қайраткерлері ұлы қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды челленджді қолдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ерекше мәдени эстафета елордалықтардың бастамасымен басталып, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды.
Ұлы ағартушының мерейтойына арналған челлендж бір күннің ішінде ерекше мәдени оқиға ғана емес, маңызды идеологиялық бастамаға айналды.
Челленджді елордадағы мәдениет және өнер қайраткерлері қолдады. Жас ақындар, актерлер, қоғам қайраткерлері де шараға қосылып, Абай мұрасына және оның ел руханиятындағы рөліне терең ризашылықтарын білдірді.
Белсенділер қатарында жас ақын Мақпал Мыса, Жастар сарайының еңбек ұжымы, елорданың Мәдениет басқармасының өкілдері, «Жастар» театры мен Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері бар.
«Бүгінде тамырымызға, тарихымызға, ұлы есімдерге бет бұру бұрынғыдан да маңызды. Абай – жай ғана ақын емес, ол – ұлттың рухани өсуі мен интеллектінің символы. Оның идеялары бүгін де өзекті», – дейді белсенділер.
Шараға қатысушылар Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін орындап, бейнероликтер түсіріп, «Абай – Тоғжан», «Жас Абай» сияқты тарихи құнды қойылымдарды сахналайды және әлеуметтік желілерде бөлісіп, барша қазақстандықтарды оның рухани мұрасына үн қосуға шақырады.
«Әсіресе, бұл акцияның тәрбиелік мәні зор және өскелең ұрпаққа лайықты өнеге. Кумирлерінің ісінен шабыт алған жастар Абайдың шығармашылығын, философиясын және ұлттық бірегейлікті дамытуға қосқан үлесін қызығушылықпен танып жатыр. Іс-шараның маңызды миссиясы – Абай Құнанбайұлының шығармаларын Астана қаласының шығармашыл интеллигенциясы арасында насихаттау. Бүгінде елорданың Мәдениет басқармасына қарасты жеті театр, концерт залдары, цирк, кітапханалар мен мұражайларды қоса алғанда 14 ұйым бар. Онда 2000-нан астам мәдениет және өнер қызметкері еңбек етеді. Қуаныштысы, барлық мекеме бұл бастаманы қолдап отыр. Бұл бастама – бірлікке, ұлттық сана-сезімді оятуға жасалған шынайы үндеу. Ақпараттың жылдам тұтынылатын цифрлық дәуірінде осындай мәдени акциялар ерекше маңызға ие. Олар жас ұрпаққа ұлы есімдерімізді, құндылықтарымызды, бай мұрамызды еске салып қана қоймай, сол мұрамен өмір сүру қажеттігін ұқтырады. Осындай іс-шараларды біз ойшылдың мерейтой жылында көбірек өткізуді жоспарлап отырмыз», – деп қорытындылады Астана қаласы Мәдениет басқармасының Мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева.
Еске сала кетейік, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келеді. Білім, мәдениет, спорт және басқа да салаларда 140-тан астам түрлі шара ұйымдастырылуда.