Өскеменде Ұлы Отан соғысының қатысушысы, көзі тірі аңыз адам және өскелең ұрпақ үшін батырлықтың үлгісі Макар Харинді 99 жасқа толған күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Макар Харин 1926 жылы тамызда Алтай өлкесі Чарыш ауданы Маралиха ауылында дүниеге келген. 1943 жылы ол кеңес армиясының қатарына шақырылып, әскерге жіберілді. Әскерде ол 52-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 153-ші гвардиялық атқыштар полкінде мина атқыш болды. Ленинград және Балтық майдандарындағы шайқастарға қатысты. 1944 жылы ауыр жарақат алып, әскерден босатылды.
Майданнан оралғаннан кейін туған ауылында еңбек етіп, мал шаруашылығымен айналысты, кейін облыстың құрылыс комбинатында және газ шаруашылығында жұмыс істеді. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен және "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған.
Қазіргі уақытта Макар Харин Өскемен қаласында тұрады.
Майдангерді құттықтауға Өскемен қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері мен Қарулы күштердің ардагерлері барды. Туған күн иесіне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаты табыс етілді.
– Макар Харин сынды азаматтардың ерлігі – ел үшін ерен. Біз жеңіске жеткен ата-бабаларымызды мақтан тұтамыз және олардың жеңіс пен бейбіт өмірге қосқан үлестерін ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерімізге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз, – деп атап өтті запастағы подполковник Дәулетхан Қасенов, Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ардагерлермен жұмыс жөніндегі инспекторы.
Іс-шараға қатысушылар Макар Харинге даңқты жолы үшін алғыс білдіріп, оның өмірі нағыз патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі екенін атап өтті.