Дана Абайдың 180 жылдық мерейтойы – кең көлемде тойланды

1034
Фотосурет: Gov

Абай облысында өткен хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік ауқымды іс-шаралар легі ақынның туған жері – Абай ауданындағы Қарауылтөбеде салтанатты түрде түйінделді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Біз осы айтулы шараның ең тартымды тұстарын ғана кеңінен сөз етпекпіз.

Семей төрінде тамыздың 8 күні, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Абай атындағы театрда республикалық деңгейдегі айтулы өнер мерекесі – «мұрасын қазіргі заман көзімен жырлау ғана емес, елдің рухани Адамзаттың Абайы» ақындар айтысы болып өтті. Бұл дүбірлі дода – дана ойшылдың болмысын алты алашқа паш еткен мәдени оқиға ретінде тарих қойнауына енді.

Бұл күні сахнаға шыққан сөз сайысының саңлақтары – Рүстем Қайыртай (Абай облысы), Әсем Ережеқызы (Абай облысы), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Айбек Жеңісқазин (Абай облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Мақсат Ақанов (Қарағанды), Жансая Мусина (Орал), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Қуандық Кенжебекұлы (Семей), Айбек Қалиев (Қостанай), Серік Қуанған, (Өскемен)  – әрқайсысы өз аймақтарының мақтанышы, елге танымал айтыскерлер.

Ал қазылар алқасында – төралық еткен, айтыстың тізгіншісі Ақын Жүрсін Ерман, ақын, журналист Төлеген Жанғалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов, Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахман, ақын Қалқаман Сарин, Халықаралық айтыс - жыр термешілер одағының Абай облысындағы филиал төрағасы Дәулет Сметов сынды тұлғалар болды.

Жүлде қоры – өнерге тарту етілген құрмет.

Қорытындысында:

  • Бас жүлде – Мақсат Ақанов – су жаңа автокөлік;
  • I орын – Рүстем Қайыртай – 3 млн теңге;
  • II орын – Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан – әрқайсысына 1,5 млн теңге;
  • III орын – Жансая Мусина мен Әсем Ережеқызы – әрқайсысы 1 млн теңге;

Қалған айтыскерлерге – 500 мың теңгеден Ынталандыру сыйлығы табыс етілді.

Мұндай қомақты жүлде қоры айтыстың тек рухани ғана емес, материалдық тұрғыда да жоғары бағаланғанын көрсетеді. Айтыс отандық БАҚ тарапынан кеңінен сөз етілді. БАҚ-на берген сұхбатында, «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиал өкілі Ерік Қайратбекұлы төмендегідей өз ойын ортаға салды. Ол өз сөзінде «Абай мұрасының ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, жастарды елдік пен бірлікті жырлауға үндеді».

Партияның мәдени шараға қатысуы – елдің мәдени және рухани өміріне белсенді араласуының бір көрінісі. «Ауыл» партиясы өз бағытын ауылдық өмір, ұлттық дәстүр, рухани құндылықтарды сақтауға арнағандықтан, мұндай шараларда бой көрсетуі – саяси ұйымның қоғаммен байланысын нығайтуға бағытталған қадам.

Енді айтулы іс-шараның соңғы күндері өткен дүбірлі додаларға кезек беретін болсақ, Абайдың сүйікті ойыны саналатын тоғызқұмалақтан және еліміз тарихында тұңғыш ұйымдастырылған 180 шақырымдық ультрамарафоннан жеңімпаз атанған спортшылар да автокөлік иесі болды.

Семей–Қарауыл бағытын 19 сағат 9 минутта еңсерген батысқазақстандық Баубек Ильясов ультрамарафон чемпионы атанса, тоғызқұмалақта шымкенттік Ғалымжан Темірбаев топ жарды. Қазақ күресінде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов пен алматылық Жігер Еркінұлы жеңімпаз атанды. Жорға жарысында қырғызстандық шабандоз, топ бәйгеде – Алматы облысының, аламан бәйгеде – Павлодар қаласының тұлпарлары мәре сызығын бірінші болып кесті.

Соңғы күннің басты тартымды бөлігі – «Жеті қазына» фестивалі болды. Мұнда жорға жарысы, 16 шақырымдық топ бәйге, 25 шақырымдық аламан бәйге көрерменнің қызығушылығын арттырды. Қазақ күресінің «Түйе палуан» (90 келіден жоғары) және «Өгіз палуан» (74 келіге дейін) сайыстары да тартысты өтті.

Дода жеңімпаздарына өңір демеушілері атынан 90 бас жылқы және 10 автокөлік сыйға берілді. Бұл – ұлттық спорт мерейін өсірген, спортшылардың еңбегін лайықты бағалаған қадам болды. Осы тойға облысымздағы қоғамдық ұйымдармен, партиялар кеңінен атсалысты. Соның ішінде, ауылдың мәселелерін көтеріп жүрген «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Смағұлов Қайрат Қанатұлы арнайы шақырумен бастан-аяқ қатысты. Және партия өкілдері онкүндік аясындағы түрлі шараларға өз үлесін қосты.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл мерекенің басты құндылығы – тойдан гөрі ойға, рухани толысуға бағытталғанын айтты.

"Онкүндік аясында «Абай академиясы» атты энциклопедиялық портал ашылды. Бірнеше кітап жарық көрді. Мыңнан астам команда қатысқан «Абай куиз» интеллектуалдық ойыны өтті. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана жұмысын бастады. Бүгінгі жарыстардың жүлдесі алыс өңірлерге, тіпті Қырғызстанға дейін жеткені – мерейтойдың бірлік пен берекенің мерекесі болғанын дәлелдейді" Аймақ басшысы

Хакімнің мерейтойы Қарауылтөбедегі «Желсіз түнде жарық ай» атты гала-концертпен түйінделді. Кеш барысында, Абайдың әндері, халық саздары және заманауи туындылар орындалып, мерекелік онкүндік жоғары деңгейде қорытындыланды.

Хакім Абайдың 180 жылдығы – тек өткенді еске алу емес, елдің рухани қуатын арттырған, спорт пен мәдениетті тоғыстырған, бірлік пен ынтымақтың айқын көрінісіне айналған, ұлт жадында мәңгіге сақталар тарихи оқиға.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -