Қайрат Айтбай тағы бір игілікті іске ұйытқы болмақ

1463
Фотосурет: Жандар Асан

Қоғам қайраткері, Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық WAGF қорының президенті Қайрат Айтбайдың бастамасымен Астана қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясында жазушы атындағы мұражай ашылады.

Мұражай заманауи мультимедиалық құралдармен, контентті сенсорлық басқарумен жабдықталмақ.

Фото: Жандар Асан

Мұнда қаламгердің балалық шағы, жазушылық, журналистік қызметі жайлы тың деректер, сондай-ақ жеке заттары мен құжаттары қойылады. Әдеби мәліметтер, қолжазбалар мен фотосуреттер де назарға ұсынылмақ. Бұдан бөлек, QR-кодтар арқылы Шерхан Мұртазаның шығармаларын арнайы сайт арқылы оқуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл – өскелең ұрпақтың даңқты жазушының классикалық туындыларымен жан-жақты танысуына септігін тигізбек.

Фото: Жандар Асан

«Шерхан Мұртаза – бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына арнады. Ол – шын мәнісінде халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел мен жер, тіл мен дін мәселелерін дер кезінде көтере білді. Ол – қазақ журналистикасында өзіндік сара соқпағын салып, дара мектебін қалыптастырды. Талантты жастардың танылуына ықпал етті, талай дарынға қолдау көрсетті. Осылайша, «Шерағаның шекпенінен шыққандардың» үлкен шоғыры қалыптасты. Шерхан Мұртаза өз шығармалары арқылы тұтас бір ұлттың тәрбиешісіне айналды. Шерағаның әдеби мұрасын насихаттау бағытында бұған дейін де талай ілкімді істер жасалған болатын. Бұл бастама соның заңды жалғасы іспеттес» Қайрат Айтбай

Мұражайдың ресми ашылуы жазушының туған күні қарсаңында өткізілмек.

Фото: Жандар Асан

Осы орайда айта кетерлігі, Шерхан Мұртазаның қайраткерлігі мен қаламгерлігін кеңінен дәріптеу, оның шығармашылығын жастар арасында насихаттау бүгінде үлкен маңызға ие. Бұл ретте қаламгердің атындағы қайырымдылық қор көптеген жүйелі жұмыстарға ұйытқы болып келеді. Бүгінде қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Соның ішінде Шерағаң дүниеге келген өңірдегі киелі жерлер жаңғыртылып, ел игілігі үшін бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде.

«Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Кез келген мемлекет өзінің алға қарай қарқынды дамуын, болашақ жетістіктерін өсіп келе жатқан өскелең ұрпақпен байланыстырады. Өресі жоғары жастарға үнемі қолдау көрсетіп отыру да біздің басты мақсаттарымыздың бірі», – деп атап өтті Қайрат Айтбай.

Фото: Жандар Асан

Білім ұясының ұжымымен кездесу барысында Қор президенті мектеп кітапханасына бірқатар кітаптарды тарту етіп, қолға алынған бастамалар жайында кеңінен әңгімеледі.

Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясы 2010 жылы ашылған. 2023 жылы білім ордасына халқымыздың біртуар перзентінің есімі берілді. Бүгінде мектепте 3 300 оқушы білім алады.

Фото: Жандар Асан

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -