Петропавлда Ұлттық ұлан Академиясы базасында офицер-тәрбиешілердің оқу-әдістемелік жиыны өз жұмысын бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтың басшылығымен өтуде.
Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген 40-қа жуық офицер қатысуда. Олардың қатарында әскери бөлім командирлерінің орынбасарлары, Академия қолбасшылығы және «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілері бар. Бағдарлама тәжірибе алмасу, тәрбие жұмысындағы жаңа тәсілдерді енгізу және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселелерін талқылауды қамтиды.
Алғашқы күні қатысушылар елімізге белгілі психологтармен және қоғам қайраткерлерімен кездесті. Олардың арасында – Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назипа Шанаи; «Рух» психология және тұлғалық даму орталығының директоры, клиникалық психолог Резида Баймұханова; жаттықтырушы-медиатор, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тажин; ҚХА Республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай; Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Мукушева бар.
Кеңейтілген отырыста генерал-майор Қайрат Үмбетов қатысушыларға Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың тәртіп пен тәрбие жұмысына қатысты тапсырмалары мен талаптарын жеткізді.
Сондай-ақ психологиялық дәрістен кейін генерал-майор Қайрат Үмбетов биыл жазда Академияға қабылданған бірінші курс курсанттарымен кездесті. Ол курсанттарға жаңа оқу жылы қарсаңында ақ тілегін білдіріп, әскери қызметтің мәртебелі міндеттері туралы айтып, пайдалы кеңестер берді.
Күн соңында әскери бөлімдер командалары арасында волейболдан спорттық жарыс өтті:
1-орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы,
2-орынды – «Орталық»,
3-орынды – «Оңтүстік» командасы иеленді.
Айта кетейік, оқу-әдістемелік жиын 13 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде халықаралық деңгейде мойындалған тәрбие және психологиялық жұмыстың озық әдістемелері қарастырылатын болады.