Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі Франция, Германия, Нидерланды, Испания, Жапония және ҚХР сияқты елдердің халықаралық ұйымдарымен, су саласындағы мекемелермен, даму агенттіктерімен және компанияларымен әріптестік орнатты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Су саласын дамытуға гранттар түрінде 14 млн доллардан астам қаржы тартылды.
Былтыр желтоқсан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы (BRGM) Балқаш көлін сақтау жөнінде үшжақты ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Келісім аясында көл бассейнін зерттеу және Балқашты сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеу үшін 1,35 млн еуро көлеміндегі грант қарастырылған.
Биыл маусым айында Алматы облысының Балқаш ауданында қазақстандық ғылыми институттар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Француз ғылыми консорциумы ұйымдастырған ауқымды далалық экспедиция өтті.
Биыл наурыз айында Қазақстан мен Қытайдың су шаруашылығы ведомстволары өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта суды ұтымды әрі тұрақты пайдалану, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ тәжірибе алмасу және кадрларды бірлесіп даярлау көзделген.
Биыл Қытайда отандық су саласының 121 маманы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жатыр. Келесі жылы бұл көрсеткіш шамамен 200 адамға жетпек.
Қазақстан мен Нидерланды су тасқынына қарсы күрес және су саласы мамандарын даярлау бағытында меморандумдарға қол қойды. Бірінші құжатта тасқын суларды реттеу және пайдалану тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ өзен ағыстарын басқаруда Нидерланды тәжірибесін зерделеу қарастырылған. Екінші меморандум Делфт су ресурстарын оқыту институтымен (IHE Delft) жасалып, су саласында мамандар даярлауды, ғылым және инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Осы келісімдер аясында нидерландтық сарапшылар елімізде су тасқыны қаупін басқару бойынша оқыту семинарларын өткізді. Сондай-ақ Қазақстанда су тасқынын болжау және модельдеу жүйесін құру үшін Delft-FEWS цифрлық платформасы қолданылып жатыр. Биыл қазан айында Нидерландының Астанадағы Елшілігімен бірлесіп гидрологиялық модельдеуді бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша тренинг өткізу жоспарланып отыр.
«Жапония Үкіметімен елімізде бөгеттерді кешенді басқару арқылы су тасқынына қарсы шараларды жетілдіруге 2 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлу туралы келісім жасалды. Ал Испания Үкіметі Батыс Қазақстандағы жерасты су кен орындарын зерттеуге грант бөлуді жоспарлап отыр. Мұндай халықаралық келісімдер Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындауға бағытталған» Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов