Президенттік кадр резерві: екінші кезеңнің қорытындылары жарияланды

1001
Фотосурет: Константина Шелкова/PavlodarNew

Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» үшінші кезеңіне өткен кандидаттардың тізімі жарияланды, деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, деп хабарлайды DKNews.kz.

2025 жылғы 9-10 тамызда өткен «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» екінші тестілеу блогына 2 597 кандидат қатысты.

Бекітілген іріктеу рәсіміне сәйкес, үшінші кезеңге ең жоғары балл жинаған 600-ден аспайтын кандидат (оның ішінде әрбір салалық бағыт бойынша 100-ден аспайтын кандидат) жіберіледі. Бірнеше кандидатта тең нәтижелер болған кезде іріктеудің келесі кезеңіне кандидаттардың көбірек саны жіберілуі мүмкін.

Осылайша, келесі «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңіне ең жоғары нәтиже көрсеткен 683 кандидат өтті.

Салалық бағыттар бойынша өту балы:

  • «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» – 13 балл;
  • «Сыртқы саясат және инвестициялар» – 16 балл;
  • «Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» – 20 балл;
  • «Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» – 18 балл;
  • «Цифрландыру» – 18 балл;
  • «Экономикалық және қаржылық саясат» – 18 балл.

Келесі кезеңге өткен тұлғалардың толық тізімі pkrezerv.gov.kz ресми сайтында орналастырылған.

«Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңі 2025 жылғы 16 тамызда өтеді. Бұл кезең мемлекеттік қызметтің ерекшелігіне тән практикалық жағдайларды орындау кезінде кандидаттың басқарушылық шешімдер қабылдау қабілетін бағалауға бағытталған.

Үшінші кезеңге жіберілген барлық кандидаттар 2025 жылғы 15 тамызда сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде (Астана қ. уақыты бойынша) кезеңнен өту үшін өзінің жеке кабинетінде тіркелуі қажет.

Кезеңнен өтудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында прокторинг жүйесі қолданылатынын еске саламыз. Белгіленген талаптарды сақтамау, оның ішінде бөгде адамдардың көмегін пайдалану, қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды (AnyDesk, TeamViewer, DWService және т.б.) қолдану, камераны және/немесе микрофонды өшіру, смартфондарды, құлаққаптарды және өзге де электрондық ақпарат тасушы құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ тест тапсырмаларын кез келген тәсілмен көшіру, тестілеу нәтижелерін жою үшін негіз болып табылады.

Кандидат жеке кабинетте орналастырылған «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңіне арналған нұсқаулықтың талаптарымен толығырақ таныса алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -