Ұлттық ұланның Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде әлемдік ареналарда ел намысын қорғайтын спортшылар әскери қызмет атқарады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Олардың әрқайсысы республикалық және әлемдік деңгейдегі спорттық шараларда топ жарған.
Бұл бөлімде каратэден Азия чемпионы атанған қатардағы Мақсат Улимбек те қызмет етеді. Ол – 6506 әскери бөлімі артиллериялық-зениттік дивизионы зенит батареясы 1 взводы 4 бөлімшесінің сарбазы. 19 жастағы жауынгер каратэден халықаралық чемпионаттардың жүлдегері атанып үлгерген. Каратэден спорт шеберіне үміткер.
— 13 жасымнан бастап спортқа қызыға бастадым. Түр-тұлғам мен қарым-қабілетім әуелден каратэ өнеріне жақындау болды. Сондықтан осы спорт түрімен шұғылдандым. Нәтижелерім де жаман емес сияқты. Әскерге келіп, әлсіз тұстарымды жетілдірдім. Жақында үйге қайтамын, — деді қатардағы М. Улимбек.
Ал спорттағы жолын боз кілемде бастаған қатардағы Бауыржан Құрманбек — грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы. Түркия, Ресей мен Қырғызстан елдерінде өткен халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрінген. Оның айтуынша, спортқа келуіне ағасы себепкер болған.
— Ағам жаттығуға ертіп барды. Алғашында әуесқойлықпен айналыссам да, кейін бұл жолдың менікі екенін түсіндім. Қазір күресте жинаған тәжірибем әскери өмірге де көмектесіп жатыр, — дейді ол.
Қатардағы Алмат Маликұлына келер болсақ, ол – шаршы алаңда өз қабілетін дәлелдеген боксшы. Қазақстанның чемпионы. Бокстан спорт шебері. Сонымен қатар халықаралық турнирлерде топ жарып, ел намысын абыроймен қорғаған. Ол спортқа келуіне әкесінің ықпалы мол болғанға ұқсайды.
— Бала күнімнен қолғап киіп, жаттығу жасадым. Қазір соның жемісін көріп отырмын. Әскердегі әрбір тапсырмада да дәлдік, төзімділік, жылдам шешім қабылдау керек. Бұл жағынан ринг маған үлкен мектеп болды, — дейді Алмат.
Тағы бір сарбаз Батырхан Емберген –дзюдо мен жауынгерлік жекпе-жек бойынша бірнеше қалалық және облыстық жарыстардың жүлдегері. Жауынгерлік жекпе-жектен Қазақстан біріншіліктерінде жүлде алып, дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер атанған.
— Бала кезімнен спортты жаным жақсы көрді. Әкем, анам, бауырларым – бәрі менің әрбір жарысымда қолдау көрсетті. Әскерге келген соң спорттың тәртіп, төзім, мақсатқа жету секілді қырлары тереңірек сезіледі екен. Борышымды атқарған соң келісім шартпен қызметте қалуды ойласып жүрмін, — дейді қатардағы Б. Емберген.
Жігіттердің төртеуі де жүздеген сарбаздың арасындағы үздік қабілеттемен дараланып тұрады. Олар тек физикалық дайындығымен емес, моральдық-психологиялық тұрғыда да өзгелерге үлгі.
Еске салайық, жыл сайын Қазақстан Республикасында тамыздың үшінші жексенбісі Спорт күні атап өтіледі. Елімізде Спорт күні 2003 жылғы 15 қарашада бекітілген. Бүгінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері әлемдік байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. Сонымен қатар осы күні құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдерінде түрлі сайыстар мен жарыстар өткізіліп тұрады.