Биыл күзде Орталық Еуразия мен басқа да елдерден шыққан 24 стартап Кремний алқабына аттанып, AlchemistX және Silicon Valley Residency халықаралық бағдарламаларына қатысады. Бағдарламалар 3 қыркүйекте Пало-Альто қаласында басталып, командаларға АҚШ-тың венчурлық экожүйесіне, инвесторларға және технологиялық корпорацияларына қол жеткізуге мүмкіндік ашылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
2025 жылы Кремний алқабына өту құқығы үшін 20 елден 225 стартап бақ сынады. Олардың ішінде 134 жоба скринингтен өтіп, тек 24-і финалдық тізімге енді. Нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстаннан 10 стартап AlchemistX бағдарламасына қабылданса, Катар, АҚШ, Сингапур, Грузия және Моңғолиядан келген командаларды есептегенде 14 жоба Silicon Valley Residency бағдарламасына өтті.
AlchemistX: Sales Doctor (Өзбекстан), Zaiyo AI (Қазақстан), QazTWIN (Қазақстан), Lydya (Өзбекстан), jobster.hr (Өзбекстан), SAT MAKON (Өзбекстан), DD Business (Қазақстан), Growy Me (Өзбекстан), Aleem (Қазақстан), One Health (Қазақстан).
Silicon Valley Residency: Emma Aero (Катар), Algebras AI (АҚШ), AidMi (Сингапур), Ucode (Өзбекстан), CashFlow (Грузия), Zbekwear (Өзбекстан), RFxAI (Катар/АҚШ), HANDYMATY (АҚШ), StarMake (Қазақстан), Cyberlabs (Қазақстан), EasyBox (Қазақстан), SEM TECHNOLOGIES LLC (Моңғолия), Ember AI (Моңғолия), Tilmoch (Өзбекстан).
"AlchemistX & Silicon Valley Residency – бұл Орталық Еуразияны Кремний алқабымен байланыстыратын стратегиялық дәліз. Өңірдің үздік стартаптары әлемдегі ең бәсекеке қабылетті инновациялық экожүйелердің бірінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламаның құндылығы практикалық нәтижелерде – келісімшарттарда, инвестицияларда және серіктестіктерде. 2024 жылдың нәтижесі бойынша, төрт айда 22 стартап жалпы 380 мың доллар табыс тауып, 1,4 миллион доллар инвестиция тартты. Бұл көрсеткіштер біздің командалардың жаһандық деңгейде бәсекелесуге және өңірге құндылық әкелуге толық әлеуеті бар екенін көрсетеді", – деді Қазақстан Республикасының Цифрландыру министрі Жаслан Мәдиев.
Қатысушыларды төрт айлық Кремний алқабының экожүйесіне толыққанды бойлау күтіп тұр: венчурлық серіктестерден жеке менторлық, салалық іс-шараларға қатысу, АҚШ нарығына шығуға арналған практикалық сессиялар және инвесторлардың алдында өтетін финалдық Demo Day. Командалар АҚШ-та бизнес тіркеуге, алғашқы келісімшарттар жасауға және халықаралық Silkroad Innovation Hub қауымдастығына интеграциялануға мүмкіндік алады.
"Silkroad Innovation Hub Орталық Еуразия мен Кремний алқабы арасындағы көпір ретінде құрылды, бүгінде осы миссияның шын мәнінде жүзеге асып жатқанын көрудеміз. Соңғы жылдары біздің бағдарламалар жүздеген стартапқа АҚШ нарығына жол ашып, алғашқы клиенттерін табуға және инвестиция тартуға көмектесті. AlchemistX пен Silicon Valley Residency бағдарламаларына қатысу – біздің жобалардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Біз әрі қарай да идеяларды халықаралық бизнеске айналдыратын инфрақұрылым мен мүмкіндіктер жасай беретін боламыз", – деп атап өтті Silkroad Innovation Hub-тың негізін қалаушы және CEO-сы Асет Абдуалиев.
Бағдарлама Astana Hub, IT Park Uzbekistan, Silkroad Innovation Hub және Alchemist Accelerator серіктестігімен, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ екі елдің венчурлық қорларының қатысуымен жүзеге асырылады.
Қазақстан мен Өзбекстан стартаптарының Кремний алқабына шығуы өңірдің жаһандық технологиялық картадағы орнын нығайтып, әлемдік инновациялық экожүйеге интеграциялануға жаңа мүмкіндіктер ашады.
AlchemistX – ерте кезеңдегі B2B-стартаптарға арналған әлемдегі үздік акселераторлардың бірі. Бағдарламаның 650-ден астам түлегі 3,9 млрд доллардан астам инвестиция тартып, олардың жартысынан көбі акселерациядан кейін қаржыландыруға ие болған.
Silicon Valley Residency – АҚШ нарығына шығуға арналған интенсивті бағдарлама, ол Пало-Альто қаласында орналасқан. 100-ден астам стартап оның резиденті атанған және жалпы құны 300 млн АҚШ долларын тартқан, ал түлектер қауымдастығы 2000-нан астам қатысушыны біріктірген.