2025 жылғы 24-28 қыркүйек аралығында Чхонан қаласында дүниежүзінің би ұжымдарын біріктіретін ірі халықаралық форумдардың бірі – «Cheonan World Dance Festival 2025» өтеді. Ауқымдылығымен және мәдениеттердің жарқын палитрасымен танымал фестиваль осы күндері Чхонанды әлемдік би астанасына айналдырады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл беделді шараға «Астана Балет» театрының әртістері қатысып, «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің үзінділерін паш етпек. Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де көрермен көкейінен шыққан концерттік бағдарлама – театрды әйгілеп тұрған дүниеге айналды.
Концерттік бағдарламаны қойған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти этнографиялық материалдың байлығын заманауи хореографиялық әдістермен үйлестіре білді. Бағдарламаның әр биі дара қойылым іспетті: ұлан-байтақ даланың тартымдылығын әйел бейнесі арқылы суреттеп, халқымыздың рухани құндылығын, салт-дәстүрі мен жоралғысын сипаттайды.
«Ұлы Дала мұрасы» – қазақ мәдениетінің әсемдігі мен сан қырлы болмысы жайлы пластикалық әңгіме іспетті. Бағдарлама аясында лирика мен ой-толғамға толы композициялар, жігерлі әрі экспрессиялы миниатюралар, сондай-ақ философиялық тұрпаттағы қойылымдар жинақталған. Кең пішілген, жарқын әрі талғампаз ою-өрнекке бай халық костюмдері ерекше әсер қалдырады. Әр бейне ежелгі дәстүр, көшпелі мәдениетті сипаттайтын ою-өрнек символикасы мен табиғат сырын ашқандай.
Бағдарламаға енген хореографиялық миниатюралар әр түрлі стильде және әр түрлі көркемдік әдістерді қолдана отырып, қазақ халқының тарихын, бай дәстүрі мен Отанымыздың әсем табиғатының сұлулығын көрсетеді. Эстетика, көз жауын алар көркем бейнелер, әсем костюмдер мен қазақ хореографиясының мағыналық тереңдігі дүниежүзі көрерменін тәнті етіп келеді.
«Астана Балет» театрының Чхонан 2025 дүниежүзілік фестиваліне қатысуы халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытудың даңғыл жолы. Корей сахнасында өнер көрсету қазақ мәдениетінің ғасырлар бойғы мұрасын кең аудиторияға паш етуге, түрлі елдер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және би өнері халықтарды біріктіретін әмбебап тіл екенін көрсетуге мүмкіндік береді.