Бақылаушылар қызметі - тәртіп пен қауіпсіздік кепілі

869
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелеріндегі  қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету - Ұлттық ұлан әскерінің басты жауынгерлік міндеттерінің бірі. Бұл міндетті жүзеге асыруда сотталғандардың тәртібін мінез-құлқын бақылау мен қадағалау қызметінің маңызы ерекше. Қадағалау – тек бақылау ғана емес, сонымен қатар сотталғандардың құқықтары мен міндеттерінің сақталуына, түзеу процесінің тиімді жүргізілуіне ықпал ететін кешенді іс-шаралар жүйесі.

Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің әскери қызметшілері дәл осы жауынгерлік қызметті қырағылықпен, адал атқарып келеді десек артық емес. Бұл қызметті атқару негізінде ең алдымен, түзеу мекемесінде ішкі тәртіп орнатылады. Ондағы тәртіп – қылмыстық жазаны орындау барысында сотталғандардың қайта қылмыс жасамауы мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі кепілі.

Ал 2 атқыштар ротасының бақылаушылар взводының мамандары күнделікті облыс бойынша түзеу мекемелерінде қадағалау қызметін атқару арқылы сотталғандардың мекеме ережелерін сақтауын, заңсыз әрекеттерге жол бермеуін қамтамасыз етеді.

2 атқыштар ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лейтенант Данабекұлы Еламан бұл қызметтің дайындық барысындағы басты іс-шараларын түсіндіріп берді: «Бақылаушылар қызметіндегі жауынгерлеріміз өз басының қауіпсіздігін қатерге тіге жүріп, тәулік бойы сотталған азаматтар арасындағы тәртіпті қадағалайды. Ондағы басты қағида - сатылмаушылық, қызметтен тыс бөгделермен ешқандай байланыс орнатпау.

Бұл қызметтің өзіне тән ауыртпашылықтары да жетерлік. Бақылаушы мамандар қызметке түсер алдында жоғарыдағы басшылық құраммен, кезекші офицерлер тарапынан қатаң тексерістен өтеді. Ондағы мақсат арнайы мекеме аймағына тыйым салынған заттарды тасымалдаудың алдын-алу. Жауынгерлік қызметке түсер алдындағы тәрбие жұмысынан бөлек әскери қалашықта күнделікті нұсқаулық сабақтар жіті өткізіледі. Нұсқаулық барысында бақылаушы мамандар сотталғандар арасында тұтқиылдан орын алатын кез-келген жағдайда қауіпсіздікті сақтауы үшін қажетті барлық әдіс-тәсілдерді оның ішінде қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін, жеке басқа шабуыл кезіндегі, жаппай тәртіпсіздік немесе өзіне қол салуы, арандатушылық жағдайы туындағанда жасалатын іс-әрекеттерді пысықтайды. Сонымен қатар қызметті сапалы ұйымдастыру үшін жауынгерлеріміз заманауи көптеген құрылғылармен жабдықталады»,- дейді.

Кіші сержант Абенов Сейітжан Нұрлыбайұлы осы лауазымда 20 жылға жуық қызмет атқарған нағыз маман. Әкесі мен анасы өзі туған Рабат ауылындағы мәдениет үйінде қызмет атқарып, елдің рухани азығына айналған орталықтың ошағын сөндірмеген жандар. Өзінен үлкен аға әпкелерінің барлығы да кәсіптің басқа түрлерін тізгіндегенімен, отбасының кенжесі Сейтжан ғана Отан қорғау ісіне барамын деп, бала кезден бел байлады. 2 жылдық мерзімдік әскери қызметін  аяқтап келген Сейітжан 2006 жылы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне айдауылдау ротасына қызметке орналасады. 3 жыл тәжірибе жинақтап, атқыштар ротасының бақылаушылар қызметіне ауысады. Бір лауазымда 9 жыл адал үлгілі қызмет атқарған Сейітжан 2018 жылы әскери жасақ бастығы қызметіне тағайындалады. Өзінен кейін келе жатқан қаншама жас жауынгерлер мен офицерлерге тәлім-тәрбие беріп, тағлымды тәжірибесімен бөліскен кіші сержант Абенов Сейтжан отбасында да 4 қыз 1 ұлға өресі кең, өнегелі әке.

«Біздің қызметіміз - сотталғандардың жаңа қылмыстар мен басқа да қоғамға қарсы қылықтар жасауына жол бермеу және жолын кесу мақсатында олардың мінез-құлқын ұдайы бақылауды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар түзеу мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек қызметкерлер мен сотталғандардың өміріне қауіпсіз жағдай туғызу ғана емес, сонымен бірге қоғамды да мүмкін болатын қауіп-қатерлерден қорғау деген сөз. Сондықтан жауынгерлік қызметіміздің жауапкершілігі де жоғары. Мұндағы адамдардың сан түрлі тағдырлары, олардың психологиясы қатыгездік пен қауіптің болмауына кепілдік бермейді. Біз қызмет барысында кез-келген қатерге тойтарыс беруге дайын болуымыз қажет. 2019 жылы өзім қызмет еткен түзеу мекемелерінің бірінде жаппай тәртіпсіздік орын алған болатын. Сотталғандар барлық бейнекамераларды қиратып, бірден қарсылық көрсетіп, бағынудан бас тартты. Менің қызметімде мұндай оқиға бірінші рет болды. Алайда дереу әрекет етіп, кезекші басшылық құрамға хабарлап, барлық бақылаудағы әскери қызметшілерімізді қауіпті ортадан шығаруға әрекет еттік. Резервтегі жедел әрекет етуші жеке құрам келгенше жаппай тәртіпсіздіктің өршуіне жол бермей қарсы тұрдық», - деп есіне алды кіші сержант Абенов Сейітжан.

Ия, ұландық жауынгерлердің бұл қызметі – қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің берік болуына қосылған үлкен үлес. Сондай-ақ қоғамда жаза басқандардың қайта тағы бір  қатеге ұрынбауына, заңға бағынуына, тәртіп сақтап, адами ортаға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Кез-келгеннің еркін кіруіне тыйым салынған бұл қауіпті аймақта қызмет ететін жауынгерлерімізді «көрінбейтін күрестің қаһармандары» десек те болады.

Капитан Шынжігітова Малика, 6698 әскери бөлімі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -