Алматыда «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» дәстүрлі қалалық педагогтер конференциясы өтті. Іс-шараға 2,5 мыңнан астам педагог, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Пленарлық отырыс ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өтті.
Министр өз сөзінде мемлекет тарапынан білім беру жүйесін дамыту, педагогтерді қолдау және балалардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің құқықтарын қорғау, оларды педагогке сәйкес келмейтін міндеттерден босату қажеттігін ерекше атап өтті. Жергілікті атқарушы орган тарапынан заң өрескел бұзылған жағдайда прокуратура органдары араласуы тиіс. Сондай-ақ балалармен болған жазатайым оқиғалар үшін мұғалімдерді жазалауға жол берілмейді», - деді министр.
Ғани Бейсембаев өз сөзінде 2025-2026 оқу жылының жаңалықтарына да тоқталды. Атап айтқанда, «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Ол үшін орта білім беру жүйесінде AI қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушылар үшін Day of AI онлайн курстары, ал педагогтер үшін арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасының мектептерін басқарудың жаңа моделі әзірленді. Жайлы мектептерде жұмыс істейтін 3 мыңнан астам педагог үш деңгейлі дайындықтан өтті. Қыркүйек айынан бастап модель іс жүзінде енгізіле бастайды, ал әдістемелік қолдауды Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы қамтамасыз етеді.
Инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. 2025 жылдың қазан айында Алматы қаласында шетелдік білім министрлері мен жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен инклюзия бойынша Бірінші Дүниежүзілік конгресс өтеді. Сондай-ақ, Абай атындағы республикалық мектеп-интернатын «Абай Ұлттық мектебі» ретінде трансформациялау жалғасуда.
Конференция соңында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградалары және әкімдіктің «Үздік білім беру ұйымы – 2025» арнайы сыйлығы табысталды.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Оқу-ағарту министрі Алматының білім беру ұйымдарының техникалық қызметкеткерлеріне наградалар табыс етті. Марапатталғандардың қатарында: №176 мектеп-гимназиясының сантехнигі Райымбек Өтениязов, №206 мектептің электригі Бағлан Есенбаев, №58 орта мектептің кіші қызметкері Назерке Мангина, №121 мектептің аула сыпырушысы Жанат Саристанов және №110 мектеп-гимназиясының электригі Абзал Қасымбеков бар.