2025 жылғы 19 тамызда Назарбаев Университетінің Әлеуметтік даму қорының қолдауымен, Ұлттық талдау орталығы (ҰТО) және Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығы бірлесе отырып, «Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі» атты конференциясын ұйымдастырды. Іс-шараға жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, салалық мамандар мен халықаралық сарапшылар қатысып, елдің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолдарын талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Конференция барысында жаңартылатын энергия көздерінің стратегиялық дамуы, климаттық мақсаттар мен ұлттық басымдықтардың тепе-теңдігін сақтау, сондай-ақ экономиканы «жасылдандыруға» қажетті инвестицияларды тарту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар тұрмыстық сектордағы энергия тиімділігін арттыру үшін мінез-құлық ғылымына негізделген тәсілдерді қолдану мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. ҰТО сарапшылары мінез-құлыққа негізделген шешімдердің азаматтардың энергия тұтыну әдеттеріне әсер ету және тиімділікті арттыру әлеуеті туралы өз көзқарастарын ұсынды.
Қазақстанның ядролық кластерін қалыптастыру және дамыту конференцияның маңызды тақырыбына айналды. Талқылау барысында атом энергиясының елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, декарбонизация мақсаттарына жетуге ықпал етіп, сондай-ақ жаһандық төмен көміртекті энергия жеткізу тізбектерінде Қазақстанға маңызды рөл атқаруға үлкен мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Талқылау нәтижесінде ҚР Үкіметіне арналған қолданбалы ұсынымдар әзірленіп, экологиялық мақсаттарды экономикалық тұрақтылықпен үйлестіре отырып, ұлттық мүдделер мен халықаралық міндеттемелерді теңгерімді іске асыру қажеттілігі атап өтілді.
Сонымен қатар, іс-шара Қазақстандағы және халықаралық жетекші зерттеу ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді.