Қарағанды гарнизонындағы «Спасск» полигонында запастағы әскери міндеттілердің оқу-әдістемелік жиыны ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиынға артиллериялық, мотоатқыштар, танк, зениттік, жөндеу және тыл бөлімшелерінің мамандары (сержанттары) мен байланысшылар тартылды. Запастағы офицерлер әскери басқару желісі бойынша қайта даярлаудан өтіп жатыр.
– Оқу-әдістемелік жиын жұмылдыру дайындығын арттыруға және әскери міндеттілердің практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Олар атыс дағдыларын дамытып, заманауи ұрыс тактикасын үйренеді. Бөлімше құрамындағы өзара іс-қимылға, тактикалық медицина және инженерлік дайындық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, – деп нақтылады «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейнов.
Ол, сондай-ақ, жиындарға 40 жасқа дейінгі әскери міндеттілер тартылатынын айтты. Олар әскери бөлімде тұрып, азық-түлік рационымен және заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі. Жұмыс орындары, лауазымдары сақталады, орташа жалақы төленеді. Ал жұмыс істемейтіндер мемлекет есебінен ең төменгі жалақы алады.
– Уақыт бір орында тұрмайды, жаңа техника пайда болуда. Әскерлерді қолдануда жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр. Сабақ бізге үйреткеннің бәрін есте сақтауға, дағдыларды шыңдауға және жаңаларын алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өз тәжірибелерін ортаға салатын бөлімше командирлерінің кәсібилігін атап өткім келеді, – деді Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Бекболат Атанов.
Оқу-әдістемелік жиын жауынгерлік атыстарды қамтитын қорытынды тактикалық сабақтар өткізумен аяқталады. Ол запастағы офицерлер мен сержанттардың дайындық деңгейін нақтылауға, бөлімшелердің үйлесімділігін тексеруге мүмкіндік береді.