Алматыда аудандардағы әлеуметтік инфрақұрылым дамытылуда

1353
Фотосурет: Gov

Алматы қаласы Алатау ауданындағы Теректі ықшамауданында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары басталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Теректі ықшамауданында қазан айының соңына дейін сегіз трансформаторлық қосалқы станса орнатылады. Бұл үздіксіз электрмен қамтуды қамтамасыз етеді. Ал су және кәріз жүйесіне қатысты байқау рәсімдері аяқталуда, мердігер ұйымдармен келісімшарттар жақын күндері жасалады.

Тұрғындардың қолайлығы мен көлік қозғалысының қауіпсіздігі үшін жолдар ретке келтіріледі. Қазан айының соңына дейін 32 көшеге жаңа жарық шамдар орнатылып, толық жарықтандыру жүзеге асады. Сондай-ақ, ықшамауданда бұрын автобус қатынасы болмаған көшеге жаңа бағыт енгізіледі.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудан әкімдігіне жиналған тұрмыстық қалдықтарды жою және аумақты тазарту тапсырылды. Тұрғындарға тазалық пен абаттандыруды сақтаудың маңыздылығы еске салынды.

Айта кетейік, барлық жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі: алдымен электр жүйесімен қамту, одан кейін су және кәріз жүйесі, содан соң жолдар жасалынады. Жобалар шамамен 1700 абонентті, жалпы саны 9 мыңға жуық тұрғынды қамтиды. Жүзеге асыру жұмыстары биыл басталып, мердігерді анықтау рәсімі аяқталуға жақын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -