Семейде болған төтенше жағдай кезінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің сержанты Қайрат Әділханов ерлік танытып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
22 тамыз күні 14-шағынаудандағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шыққан. Түтінді байқап қалған әскери қызметші еш ойланбастан әрекетке көшкен. Пәтер есігі жабық болғандықтан, ол төртінші қабаттағы балконнан төмен түсіп, үшінші қабаттағы өртеніп жатқан пәтерге кірген.
Сержант жалынның ортасынан газ баллонын шығарып үлгерді. Егер ол жарылған жағдайда, қайғылы жағдайдың болары анық еді. Қ.Әділхановтың жедел қимылының арқасында жарылыс болған жоқ және тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Осындай кезде ең маңыздысы – адамдардың амандығы. Менің орнымда болса, кез келген жауынгер осылай істер еді, — деді әскери қызметші.
Оқиға орнында қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.