26 тамызда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы мен «Respublica» саяси партиясы ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл: мықты мемлекет, еркін қоғам, жауапты азамат» сарапшылық кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараны ҚР ПІБ Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдықов ашты.
Ол сөйлеген сөзінде қатысушыларды келе жатқан мемлекеттік мереке-Конституция күнімен құттықтай отырып, «Елдің Негізгі Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге берік қарсы тұра алатынымызға деген сенімімізді айтарлықтай нығайтты. Әрине, конституциялық реформаны аяқталған деп санауға болмайды. Реформалар үздіксіз. Конституциялық нормаларды өзектендіру және олардың іске асырылуын бақылау бойынша әлі де көп жұмыстар атқарылуда. Конституциялық реформаны іс жүзінде іске асырудың табысы тек саяси ерік-жігерге ғана емес, сондай-ақ қоғамның мұндай реформаларға қаншалықты дайын екендігіне және оларды қазақстандық қоғам қалай қабылдайтынына тікелей байланысты. Сондықтан алдағы реформаларға тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, сондай-ақ мемлекетпен қатар қоғамдық билікті іске асыру тетігін құрайтын қоғамдық ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері және белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар қатысуға тиіс», – деп атап көрсетті.
«Respublica» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров осы отыз ішінде Конституция Тәуелсіздікті нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға және демократиялық мемлекет құруға берік тірек болатынын атап өтті.
«Ата Заң Қазақстанға қалыптасудың күрделі кезеңдерінен өтуге, өтпелі кезеңнің қиындықтарын еңсеруге және қазіргі қоғамның негізін қалауға мүмкіндік берді. Біз бүгін Президенттік орталықпен бірлесе отырып, еліміздің Конституциямен бірге жасаған тарихи жолын ғана емес, еліміздің басты құжатының болашағын да талқылап отырмыз. Мұнда бекітілген негізгі принциптер: құқықтың үстемдігі, Әділеттілік, тең мүмкіндіктер, жеке адамның қадір-қасиетін құрметтеу. Бұл жалаулатқан ұрандар емес, мемлекеттің дамуына бағыт беретін және ертеңгі Қазақстанның қандай болатындығын айқындайтын нақты бағдарлар. Дәл осы құндылықтар біздің Әділетті Қазақстанға деген ортақ көзқарасымызды қалыптастырады», – деді А.Ходжаназаров.
Кездесудің басты спикерлерінің бірі Парламентаризм Институтының директоры Наталья Пан өз баяндамасында Конституциялық реттеудің кейбір аспектілері туралы айтты.
Н. Пан: «Конституция бірқатар маңызды реформалардан өтті. Бұл өзгерістер демократиялық негіздерді нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, сондай-ақ неғұрлым теңдестірілген билік жүйесін құруға бағытталды. Әсіресе, Президенттің бастамашылдығымен және референдумда мақұлданған 2022 жылғы реформа маңызды болды. Осы кезең ішінде «Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, азаматтардың тікелей жүгіну құқығымен Конституциялық сот құрылды, Президенттің партиялық қызметтегі рөлі шектелді, парламенттік бақылау күшейтілді», – деді.
Спикер сонымен қатар конституциялық құқықтағы экономикалық өлшемнің өсіп келе жатқан рөліне қатысты:
«Бүгінде конституциялық экономикаға – ресурстарды әділ бөлу қағидаттарына, салық жүйесіне, әлеуметтік саясатқа көбірек көңіл бөлінуде», – деп атап көрсетті.
Бұдан басқа, баяндама жасап сөз сөйлегендер: ҚР Конституциялық соты аппаратының өтініштерді алдын ала зерделеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Эльмира Қалиева («Қазақстан Республикасындағы конституциялық бақылау»), «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай («Заң және тәртіп – қазақстандықтардың құқықтарын қорғаудың басты қағидаты ретінде»), «Өзекті саясат институтының директоры Сергей Коновалов («Қазақстан «Құқық үстемдігінің жаһандық индексінде» және оны Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде жақсарту»), ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Бүркіт Нұрмағамбетов («Конституция – мемлекеттік идеологияның негізі ретінде»), ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Жанар Санхаева («Конституциялық реформа шеңберіндегі Қазақстан Республикасының саяси жаңғыруы»).
Сонымен қатар, онлайн режимде іс-шараға азаматтық қоғам мен құқық қорғау ұйымдарының, сондай-ақ «Respublica» партиясының өңірлік филиалдарының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясының даму перспективаларын және азаматтық қоғам мен саяси партиялардың Конституциялық үдерістегі рөлін талқылады.
Сарапшылық кездесудің қорытындысы ретінде Қарар қабылданды.