Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Astana Hub халықаралық кластерін аралау барысында еліміздің ІТ және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кластер. Онда 1700-ден аса ІТ-компания шоғырланған. Былтыр тартылған жалпы инвестиция көлемі 700 миллион доллардан, ал ІТ қызметінің экспорты 650 миллион доллардан асты.
Astana Hub базасында жыл сайын он мың азаматты қамтитын Tech Orda, TUMO және Tomorrow School білім беру, сондай-ақ Google for Startups серіктесімен бірге акселерация бағдарламалары іске асырылуда.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға биыл күзде Астанада ашылуы жоспарланып отырған Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасын көрсетті.