Астанада Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы үрмелі оркестрдің концертімен аталып өтті

2618
Фотосурет: Gov

Астанада Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Қайролла Жұмакенов атындағы үрлемелі аспаптар оркестрі «Жасай бер, қазақ елі!» атты мерекелік концертін ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кеш Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орайлас ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ата заң – еліміздің басты құндылығы, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен бірлігінің негізі. Осы айтулы датаға арналған концертте елге белгілі вокалистер мен талантты музыканттар өнер көрсетті.

Кеш барысында көрерменге патриоттық рухтағы танымал әндер мен үрлемелі оркестрге лайықталған классикалық және эстрадалық шығармалардан тұратын мазмұнды бағдарлама ұсынылды.

Концерт шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Одан кейін С.Бәйтерековтің «Қазақстан», Е. Брусиловскийдің «Шашу», К.Күмісбековтің «Биші қайың», Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», «Ақерке – Ақжайық», «Қайықта» сияқты кеңінен танымал туындылар орындалды.

Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне жазылған шығармалар мен Құрманғазының әйгілі «Адай» күйі оркестр орындауында жаңаша сипат алды.

Кеште өнер көрсеткен орындаушылар қатарында Арайлым Рахымқызы, Бибігүл Жанұзақ, Парасат Отан, Ақбота Құснадин, Айдын Жұмабаев, Әкімхан Маженов, Қымбат Жамбылбек, Құралай Мейрамбек және тағы басқа өнер майталмандары болды.

Концерттің шарықтау шегінде Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әні үрлемелі оркестр, Халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрсәт Алмас және Камералық хор қатысуымен орындалды.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі Никита Почиталин, эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Дана Сатаева, классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Роза Шотқалиеваның басшылығымен филармония әртістері ел тарихындағы маңызды белес – Конституция күніне арналған концерт арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті өнер тілімен өрнектеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -