Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мерекелік шараға әскери бөлімдердің жеке құрамы, ардагерлер кеңесінің өкілдері, шақырылған қонақтар қатысты. Салтанатты жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев жеке құрамды құттықтап, Конституцияның мемлекетіміздің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталды. Ол Ата Заңның тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығының кепілі, құқықтық мемлекет пен әділетті қоғамның берік негізі екендігін атап өтті.
Қызметтік міндетін мінсіз атқарып, жауынгерлік дайындықта, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен бірқатар үздік әскери қызметшілерге қолбасшының атынан марапаттар табыс етілді.
Шара барысында Ұлттық ұланның ардагерлері де сөз сөйлеп, жас буын сарбаздарға ізгі тілектерін жеткізді. Ардагерлер ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі қиындықтарды еске алып, бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі – Конституцияда бекітілген қағидаттар мен әскери қызметшілердің адал еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
Мерекелік кештің ерекше сыйы ретінде көпшілікке танымал «Генерал» тобы арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Ән мен әуенге толы қойылымдар жеке құрам мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, патриоттық рухты асқақтата түсті.
Бұл іс-шара – әскерилер үшін ел тарихындағы айтулы белесті айшықтап қана қоймай, Конституция талаптарына адалдықты, елге қызмет етудің мәртебелі міндет екенін тағы бір мәрте еске салған тағылымды мереке болды.