Елордадағы 20 мектепте «Жасыл клуб» экожобасы басталды

979
Фотосурет: Аstana akimdigi

Елорда мектептерінде оқушылар үшін заманауи қоқыс жәшіктері орнатылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әртүрлі түстегі әйнекке, қағазға, пластикке, банкалар мен бөтелкелерге арналған бөлек жәшіктер балаларды тазалық сақтауға, қоршаған ортаны ластамауға үйретеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Бұл бастама «Жасыл клуб» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр және қазіргі уақытта қаланың 20 мектебінде қолданысқа енгізілген. Жобаның мақсаты – оқушылардың табиғатқа деген құндылықты көзқарасын қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша олардың экологиялық сауаттылығын арттыру.

Қоқыс жәшіктері алғаш рет №103 орта мектепте қойылған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін олар әр сыныпқа және мектептің дәліздеріне орналастырылған.

«Бұл – оқушыларды қоршаған ортаға қамқорлықпен және жауапкершілікпен қарауға үйретудің тамаша тәсілі. Қазіргі таңда балалар үйреніп жатыр, қоқыс жәшіктері лезде толып қалады» Мектеп директоры Жанат Тұрысбекқызы

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Астана мектептерінде бірқатар бастама қолға алынған. Мұғалімдер мен оқушылар қоршаған ортаның тазалығына арналған түрлі жобаларда бірлесе жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта елорда мектептерінде жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акция жалғасып жатыр.

Экологиялық акция аясында қалада нөсерлі және арық жүйелерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, аулаларды, қоғамдық кеңістіктер мен тұрғын аймақтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -