Әділхан Серік Ұлттық ұлан қатарына мерзімді әскери қызметке шақырылғанда, әскер оның өмірін түбегейлі өзгертетін алғашқы қадам боларын ойламаған еді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгінде ол – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, мемлекеттік грант иегері және бір мүмкіндіктің тұтас тағдырды қалай өзгерте алатынының айқын дәлелі.
Әскерге шақырылмас бұрын Әділхан арнаулы орта білім алған. Колледжді тәмамдаған соң оны Қарағандыдан әскер қатарына шақырып, мерзімді қызметін елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде өтеді. Мұнда ұландық қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, шаһар көшелерінде патрульдік қызмет атқарды.
Қызмет барысында ол «Сарбаз 2.0» мемлекеттік бағдарламасы жайында білді. Бұл бастама мерзімді әскери қызметшілерге сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқуға мүмкіндік береді. Бұл жаңалық оның көптен бергі арманына жол ашты.
«Грант алу үшін барымды салдым. Қоғамдық пәндер бойынша тест тапсырып, әскери қызметте де үздік болуға тырыстым, – дейді ұландық. – Бағдарлама туралы естіген сәтте бұл мүмкіндікті жібермеу керегін түсіндім. Грантқа түсу – мен үшін де, ата-анам үшін де үлкен қуаныш»
Әділхан көпбалалы отбасында тәрбиеленген, үйінде алты бала бар. Сондықтан бағдарлама оның отбасына да айтарлықтай демеу болды. Қазір ол беделді оқу орнында «биотехнолог» мамандығын меңгеріп жатыр. Ата-анасы ұлының жетістігіне қуанып, оның биік белестерді бағындыратынына сенеді.
Әділханның оқиғасы – бір ғана мысал емес. Биыл жазда ел бойынша 900-ден астам ұландық мерзімді қызметін аяқтап, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болды.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы сақшылармен бірлесіп еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Бұл міндетті атқаруға күн сайын әскер бойынша 8 000-нан аса ұландық жұмылдырылады.