Қостанай көрермендері «Астана Балет» театрының үздік қойылымдарын тамашалайды

3201
Фотосурет: «Астана Балет» театрының PR қызметі

12-14 қыркүйек аралығында «Астана Балет» театры Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының сахнасында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Астаналық труппа әлемдік классиканы, халық хореографиясын және заманауи балетті біріктіретін бірегей бағдарламаны ұсынбақшы.

«Гастрольдік бағдарлама театрдың классикалық, заманауи және халықтық репертуарынан құралған. Біздің басты міндетіміз – Қостанай жұртшылығын өнерімізбен тәнті етіп, бағдарламамызды абыроймен орындап шығу. Әртістеріміздің және театрдың барлық шығармашылық командасының өнері жергілікті көрерменнің жүрегінен орын алып, зор ықыласына бөленеміз деген үміттеміз», – деп бөлісті, «Астана Балет» театрының директоры Тайыр Қаратаев.

12-қыркүйекте елордалық театр Жорж Бизенің «Кармен» операсының негізінде хореограф Альберто Алонсо сахналаған «Кармен-сюита» бір актілі балетін көрсетеді. Осы қойылым үшін опера партитурасын композитор Родион Щедрин арнайы лайықтап шығарған. Бұл ХХ ғасырдағы балет өнерінің нағыз жауһары: сахналық жолының басынан бастап Кармен рөлін сомдауды армандаған Плисецкаяның әсерімен пайда болған қызықты хореографиялық тұжырымдама, жарқын, контрастқа толы музыка.

Екінші бөлімде көрермен қауым белгілі қазақстандық композитор Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» спектаклін тамашалайды. Кеш театрдың бас дирижері Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.

14-қыркүйекте филармония сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған, театрымызды әйгілеп тұрған «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті көрсетіледі.

«Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисменті әр түрлі стилистикалық бағыттағы жауһардайын жарқын хореографиялық миниатюралардан тізбектеліп, бір тақырып – Ұлы Дала кеңістігінде орын алған таңғажайып оқиғалармен біріктірілген тұтас туынды іспетті. Бұл концерттік бағдарламада қазақ хореография өнерінің соңғы жетістіктері жинақталып, этнографиялық элементтер, би дәстүрі мен балетмейстерлердің заманауи шешімдері ерекше үйлесім тауып, визуалды-көркем эффекттер мен әсем костюмдер көз жаын алатын сәтті қойылым.

«Ұжымымыз барын салып, жан-тәнімен беріліп паш еткен өнер әрқашан көрермен жүрегінен орын алатынына сенеміз. Театрымыз үшін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көрерменнің ыстық ықыласын, шынайы қолдауын және шығармашылығымызға деген қызығушылығын сезіну өте маңызды», – деп түіндеді сөзін «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -