Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің ашылу салтанатына Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Дәстүр бойынша Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Оқу орнының жеке құрамы, әкімдік, қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері аты аңызға айналған әскери қолбасшыны бір минут үнсіз тұрып еске алды.
Әскери оркестрдің салтанатты сүйемелдеуімен Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков оқу корпусының басты кіреберісіндегі символдық лентаны қиды.
Қорғаныс министрі салтанатты іс-шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.
Жаңа колледж батылдықтың, әскери борышқа адалдықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы – даңқты командир, Кеңес Одағының тұңғыш қазақ генералы Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Сабыр Рахымов – абырой мен батылдықтың биік үлгісін көрсеткен қазақтардың бірі. Сендер оқитын орынға ерекше миссия жүктелген. Ол міндет – қиын жағдайларда шешім қабылдауға, кәсіби және жауапкершілікпен әрекет етуге қабілетті жоғары білікті сержанттарды даярлау. Шымкент қаласының әкіміне гарнизон әскери қызметшілеріне тұрақты түрде көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін, әскери бөлімдер мен мекемелерді абаттандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріндегі еңбегі үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деп атап өтті авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Қорғаныс министрі ризашылық белгісі ретінде Ғабит Сыздықбековке «Ел қорғаны» ведомстволық медалін табыс етті. Министр оқытушылар мен командирлерге тәрбиеленушілерге кәсіби дағдыларды ғана емес, рухани-адамгершілік құндылықтарды, ұлттық рух пен патриотизмді бойларына сіңіріңдер деді. Ал болашақ сержанттарға мықты денсаулық, оқуда жақсы нәтижелер, тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолындағы толағай табыстар мен жетістіктер тіледі.
Әскери колледж ұланы Сабыр Қошқарбай сөз сөйлеп, оқуға жасалған жағдайлар үшін алғысын білдіріп, әскери мамандықты игеруге бел буған курстастарының жақсы көзқарастарын білдірді.
Ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі колледж жеке құрамының салтанатты маршымен және әскери техниканың үлгілері қойылған алаңда қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетумен аяқталды.
Ұландардың көрсетілімінен кейін қонақтар оқу корпусын, казарманы, кітапхананы, мұражайды, асхананы, спорт залы мен стадионды аралады.