Қазақстан өңірлерінде 17 мың км электр желілері жаңартылуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті Мағжан Жұмабаев ауданы аумағында орналасқан, «СК РЭК» АҚ қызмет көрсететін 35/10 кВ «Фурмановская» қосалқы станциясында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына тексеру жүргізді.
Жөндеу жұмыстары биылғы 18–31 тамыз аралығында өтті. Қосалқы станцияда май ауыстыру және май толтырылған жабдықтарды жөндеу, изоляторларды ауыстыру, ажыратқыштарды реттеу және релейлік қорғанысқа ревизия жасау жұмыстары орындалды. Сонымен қатар, Т-1 және Т-2 трансформаторларына сынақ жүргізіліп, 35 кВ енгізу құрылғысы мен силикагель ауыстырылды, бөлгіштер реттеліп, жерге тұйықтау жүйесіне толық ревизия жасалды.
Жалпы республика бойынша энергетикалық нысандарды жөндеуге 376 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр — бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. РЭК-тердің электр желілерінде жалпы ұзындығы 17 мың км болатын желілерді, 420 қосалқы станцияны, 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу көзделген.
Жөндеу кампаниясы электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, апат қаупін азайтып, қосалқы станцияның күзгі-қысқы кезеңдегі тұрақты жұмысын қамтамасыз етті.