Биылдан бастап ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биыл маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның жаңа редакциясында Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттар тізіміне енгізілді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерінің дамуына айрықша мән беріп келеді. Президент аясында «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап ұлттық спорттың барлық 11 түрі ресми түрде басым бағыт деп танылды. Енді олардың мәртебесі олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілді. Бұл – ұлттық спорт өкілдері мақсатты қаржыландыруға қол жеткізіп, ресми түрде жоғары жетістікті спорт санатына енетінін білдіреді» Серік Жарасбаев
Қазіргі таңда елімізде 11 ұлттық спорт түрі белсенді дамып келеді. Олар: асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ. Оның төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген (құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату).
2024 жылдың қыркүйегінде Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Жарысқа әлемнің 89 елінен 2700 спортшы қатысты. Ұлттық құрама спортшылары 112 медаль, оның ішінде 43 алтын жүлде жеңіп алды. Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Сонымен қатар жыл сайын елімізде мынадай ұлттық спорт жарыстары өткізіледі:
- «Ақбидай» ауыл спорты ойындары
- «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі
- «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйге
- этноспорт бойынша түрлі фестивальдер мен чемпионаттар
Ұлттық спорт түрлері – бұл тек дене шынықтыру ғана емес. Бұл – патриотизмнің, ұрпақтар сабақтастығының және туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі.