Қазақстан Елшісі бельгиялықтар Королі Филиппке сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко Бельгия Королі Филиппке сенім грамоталарын табыс етті.
Лакен сарайында – Бельгия корольдік әулетінің ресми резиденциясында өткен аудиенция барысында Король Филипп Қазақстан халқы мен Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа амандық, береке-бірлік пен өркендеу тілектерін жеткізіп, 2021 жылғы оның Брюссельге сапарын және қазақстандық көшбасшымен өткен мазмұнды келіссөздерін жылы лебізбен еске алды. Монарх тақ мұрагері ретінде Қазақстанға жасаған үш сапарын атап өтіп, еліміздің бай мәдениеті мен тарихынан, даму әлеуетінен алған ең жарқын әсерлерімен бөлісті.
Сұхбаттастар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарының қазіргі жағдай мен перспективаларын талқылады. Бүгінде бұл қатынастар тұрақты даму серпінін көрсетіп отыр.
Елші Бельгияның Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі екенін растап, ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде жасыл технологияларды, цифрландыруды, көлік логистикасын, ғылым мен білім салаларын атап өтті. Мәдени-гуманитарлық алмасу, оның ішінде спорт екіжақты күн тәртібінде ерекше орын алады. Осы тұрғыда Елші 7 қыркүйекте Брюссельде өтетін Қазақстан мен Бельгия құрамалары арасындағы футбол матчының екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізетін спорттық дипломатияның айқын көрінісі ретіндегі символдық мәнін атап өтті.
Король Филипп Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға жоғары баға беріп, орнықты даму, инновациялар және аэроғарыш саласындағы ынтымақтастық үшін зор әлеует бар екеніне аса мән берді.
Тараптар, сондай-ақ қазіргі халықаралық күн тәртібін талқылап, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көпжақты өзара іс-қимылды ілгерілету және БҰҰ Жарғысына негізделген халықаралық қатынастар жүйесін нығайту жолындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын жеткізді.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өзара құрмет пен ашықтық ахуалында өтіп, саяси диалогты тереңдету, экономикалық байланыстарды нығайту және халықаралық аренада ортақ құндылықтарды ілгерілетуге екі тараптың ұмтылысын айқындады.
1) Король Филипп тақ мұрагері ретінде Қазақстанға 2002, 2009, 2010 жылдары барған; 2) 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 299,2 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылы тауар айналымы 456 млн АҚШ долларын (экспорт – 210 млн, импорт – 246 млн) құрады. 2024 жылы Бельгиядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағыны 1,206 млрд АҚШ долларын құрады. 2005 жылдан 2024 жылға дейін инвестициялар көлемі 13,95 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді.