«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің сарбаздары Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кітапханаға барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мәдени нысанда мерзімді әскери қызметшілер «Тіл – достықтың көпірі» атты кітап көрмесіне қатысты. Тағылымға толы кеште қаламы қарымды тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығы жайында ақпараттар айтылып, ұлы ақын жазушылардың тіл туралы айтқан нақыл сөздері талданды.
Іс-шараның басты мақсаты мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға артық білімнің кітапта екенін жете түсіндіру сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілерге жауынгерлік қызметтен бөлек бос уақыттарында кітап оқуға шақыру болып табылады.
"Ахмет Байтұрсынұлы - халқымыздың рухани көсемі, ұлт ұстазы болып табылады. Мен мектеп қабырғасынан бастап, біртуар азаматтың шығармаларын оқып, бойыма білім нұрын сіңірдім. Қаруластарыммен бірге Алашорда көсемдерінің бірі һәм бірегейі ұлт ұстазы жайында ауқымды кітап көрмесінен мол мәлімет алдым. Мерзімді әскери қызметімді өткеру барысында ауы-ауық кітапқа бет бұруға барымды саламын" 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Наршын Қайнар
Кітапхана қызметкерлері кітап көрмесімен таныстыру барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында айта отырып, ақынның білімге шақырған өлеңдерін насихаттады. Білімге құштар ұландықтар Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әліпбиіне, әдебиетіне салған үлестері келер ұрпаққа мәңгілік өнеге екендігін түйсіне тарқасты.