Димаш Құдайберген жаңа халықаралық жобада Қазақстанды әлемге танытады

1573
Фотосурет: Kazakh Tourism

Димаш Құдайберген қытайлық Hunan Broadcasting System серіктестікте халықаралық жобаны жүзеге асырады, деп хабарлайды DKNews.kz.

10 қыркүйекте Қазақстанда атқарушы продюсері Димаш Құдайберген болатын ауқымды музыкалық реалити-шоудың түсірілімі басталады. Жоба эфир арқылы күніне 210 миллионнан астам көрерменді қамтитын Қытайдың Hunan Broadcasting System және Mango TV цифрлық платформасымен бірлесе жүзеге асырылуда. 

Димаш үшін бұл символдық оралу: шамамен он жыл бұрын оның халықаралық танымалдылығы дәл осы Hunan TV арнасындағы Singer шоуына қатысудан басталды. Енді ол халықаралық жобаның бастамашысы және продюсер ретінде бой көрсетеді. 

«Бұл жоба - Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа парағы. Маған еліміздің байлығын - оның музыкасын, табиғатын және қонақжайлығын әлемге паш ету маңызды. Біз әртүрлі елдердің әртістерін біріктіріп, музыканың шекарасыз екенін тағы да дәлелдейміз" Димаш Құдайберген

Жобаның қатысушылары- Қытай,Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген орындаушылар. Олар еліміздің көркем өңірлері бойынша шығармашылық сапарға аттанады. 

Түсірілім Астана мен Алматы қалаларында, Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өтеді. Реалити-шоудың ақтық кезеңі елордада ұйымдастырылады. Негізгі аялдамалар қатарында Көбейтұз көлі, Шарын мен Бозжыра шатқалдары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар.  

Жобаның көрсетілімі Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында жоспарланған. Ал елімізде бұл жоба «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі. 

Жоба Қытай тұрғындарының елімізге деген туристік қызығушылығы артқан кезеңде өтуде, бұл, әсіресе, елдер арасындағы визасыз режим енгізілгеннен кейін байқалуда. Қазақстанның негізгі локация ретінде таңдалуы саяхатшылар үшін тартымдылығын көрсетіп, ұлттық дестинацияларды әлемдегі ірі туристік нарықта ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ұйымдастырушылық қолдауды ҚР Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Kazakh Tourism компаниясы, жергілікті әкімдіктер көрсетуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -