ҚР Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бойынша ауқымды дәйекті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Рухани құндылықтарды сақтау арқылы қазақ тілінің ұстанымын нығайтуға, тіл мәдениетін дамытуға және патриотизмге тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл қызмет Қарулы күштерде ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды бөлігіне айналды.
Биыл 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін Қарулы күштерде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, философы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған дәстүрлі «Тіл – татулық тірегі» айлығы өтті.
Айлық аясында «Абай – дара, Абай – дана» патриоттық челленджі ұйымдастырылды, оның барысында әскери қызметшілер ақынның қара сөздерінен үзінділерді жатқа оқыды. Акция Қарулы күштер шеңберінен шығып, жалпыұлттық мәдени қозғалыстың бір бөлігіне айналып, көпшіліктің қолдауына ие болды.
Аталмыш айлық қазақ халқы мен этностарының тілін, дәстүрлерін, мәдениетін насихаттауға, одан өзге әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін көрсетуге бағытталған.
Іс-шаралардың қорытындысы бойынша осы жылдың қазан айында Ұлттық әскери – патриоттық орталықта «Тіл – келісім негізі» конкурсы өтеді, оның қорытындылары шығарылып, үздік қатысушылар марапатталады.
Қазіргі уақытта әскердегі мемлекеттік тіл өзінің конституциялық тұғырында. Іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі, іс-шаралар мен оқыту тіл саясатын ескере отырып өтеді.
Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, оны басқа ұлт өкілдерінің білуіне ынталандыру бойынша жүйелі жұмысты 22 жылдан астам табысты атқарып келе жатқан Тіл саясатын іске асыру басқармасы жүргізеді.