«Бейбітшілік бәрінен қымбат»: Қазақстандағы ҚХР Елшісі Хань Чуньлиньмен эксклюзивті сұхбат

1188
Серік Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: CGTN

DKNews.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь 3 қыркүйекте Бейжіңде өткен Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңісінің және дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралардың мән-маңызы туралы айтып берді. Дипломат бұл күннің маңызы тек қытай халқының қаһармандығы мен жанқиярлығын еске алу ғана емес, сонымен бірге фашизмге қарсы күресте бүкіл адамзаттың бірігуінің тарихи белесі екенін атап өтті.

Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және тағы 25 елдің мемлекет және үкімет басшыларының Бейжіңдегі мерекелік іс-шараларға қатысуы Қытайдың Жеңіске қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі екенін және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстардың тереңдігін көрсетті. Сондай-ақ ол тарихи шындықты сақтау мәселесіне тоқталып, Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын бұрмалауға бағытталған әрекеттерге алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, миллиондаған құрбан болғандардың рухына тағзым ету мен тарихтан сабақ алу – жаңа әрі әділетті әлемдік тәртіптің берік негізі болуы тиіс.

Дипломат ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Жаһандық басқару бастамасының» мәніне ерекше тоқталып, оның көпжақтылықты, әділеттілікті және ынтымақтастықты нығайтып, бүкіл адамзатқа ортақ мүддеге сай әділ әрі орнықты халықаралық жүйе құруға бағытталғанын атап өтті.

– Құрметті Елші мырза, осы сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз. 3 қыркүйекте Бейжіңде Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңісінің және дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз?

– Биыл Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңісіне және дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. 80 жыл бұрын қытай халқы 14 жылға созылған жанқиярлық күрестің нәтижесінде жапон басқыншыларын толық жеңіп, дүниежүзілік антифашистік соғыстың аяқталғанын жария етті.

Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысы – дүниежүзілік антифашистік соғыстың маңызды бөлігі болды. Осы соғыста Қытай халқы зор құрбандыққа бара отырып, адамзат өркениетін сақтап қалуға және әлемдік бейбітшілікті қорғауға шешуші үлес қосты.

Осы ұлы Жеңістің құрметіне 3 қыркүйекте Бейжіңде салтанатты іс-шаралар өтті. Бағдарлама аясында ауқымды әскери парад, ресми қабылдау және мәдени-гала кеш ұйымдастырылды.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен бұл мерекеге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және 25 елдің мемлекет пен үкімет басшылары қатысты. Сонымен қатар парламент спикерлері, вице-премьерлер, жоғары лауазымды делегаттар, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, бұрынғы мемлекет қайраткерлері мен Қытайдың шетелдік достары болды.

Осындай кең әрі беделді халықаралық қатысу әлемдік қауымдастықтың Қытай бастамаларына ерекше назар аударатынын, сондай-ақ Қытайға деген достық пен құрметті көрсетеді. Бұл сонымен бірге Қытайдың Жеңіске қосқан тарихи үлесінің халықаралық деңгейде мойындалғанын және фашизмге қарсы күрестегі рөлін дәлелдейді.

Жапон басқыншыларына қарсы Жеңіс – тек қытай халқының ғана емес, бүкіл әлем халықтарының ортақ жеңісі.

– Биылғы мерейтойға байланысты Қытай жыл басынан бері қандай іс-шаралар ұйымдастырды? Олардың негізгі мақсаты қандай болды?

– 80 жылдық мерейтой аясында Қытай бірнеше ірі еске алу шараларын өткізді. Олардың қатарында:

  • «Жеңістің 80 жылдығы» медалін ардагерлерге, қарт сарбаздарға, қолбасшылар мен олардың отбасыларына табыстау;
  • Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысы мемориалды музейінде бүкілұлттық соғыстың басталғанына 88 жыл толуына арналған салтанатты рәсім мен «Ұлттық азаттық пен әлемдік бейбітшілік үшін» атты көрме;
  • Гонконг, Макао, Тайвань және шетелдік қытай диаспорасының өкілдері қатысқан симпозиум.

Бұл іс-шаралар қытай халқының отансүйгіштік рухын және Жеңіс рухын дәріптеуге арналды. Олардың терең әрі ұзақ мерзімді мәні бар.

VCG

Біріншіден, тарихты есте сақтау, қытай халқының жапон милитаристік агрессиясына қарсы күрестегі ерлігі мен жанқиярлығын ұмытпау.

Екіншіден, қаза тапқан қаһармандарға тағзым етіп, Жеңіске үлес қосқан барлық азаматтарға – қытай халқына да, шетелдік достарға да ризашылық білдіру.

Үшіншіден, бейбітшілікті қастерлеу, Қытай халқының бейбіт даму жолына берік екендігін және әлемдік бейбітшілікті қорғауға ұмтылысын көрсету.

Төртіншіден, болашаққа сеніммен қарау, тарих сабақтарынан даналық пен күш алып, Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын және соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпті қорғап, жарқын әрі тұрақты болашақ құру.

– Соңғы жылдары кейбір күштер Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын бұрмалап, қараны ақ етіп көрсетуге тырысуда. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Тарихи ақиқатты қорғау және оны дұрыс түсіну – адамзаттың ар-ожданына, халықаралық әділеттілік пен ғаламдық бейбітшілікке қатысты мәселе. Кейбір мемлекеттердің тарихқа дұрыс баға беру қабілеті – олардың бейбіт даму жолындағы адалдығы мен жауапкершілігінің көрсеткіші.

CGTN

Өкінішке қарай, бүгінгі күні тарихи нигилизм мен ревизионизм күшейіп барады. Олар тарихи фактілерді бұрмалап, әділет пен шындықты әлсіретіп, соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпке қауіп төндіруде. Бұл – әлемдік тұрақтылыққа нақты қатер.

80 жылдық Жеңіс мерейтойында да тарихи шындықты елемейтіндер бар. Олар агрессия тарихын жоққа шығарып немесе әспеттеп көрсетеді. Мұндай әрекеттер әлемнің бейбітшілік сүйгіш халықтарының қатаң айыптауына лайық. Тарихты бұрмалауға болмайды, фактілерді жоққа шығаруға болмайды, шындықты алмастыруға болмайды. Қытай халқы Екінші дүниежүзілік соғыстың шындығын бұрмалауға ешқашан жол бермейді. Бұл ұстанымды бүкіл әлем халықтары бөліседі.

Атап өткім келеді, биыл Тайваньның жапон оккупациясынан азат етілгеніне де 80 жыл толды. Тайваньның Қытайға қайтарылуы – Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларының және соғыстан кейінгі халықаралық тәртіптің ажырамас бөлігі. Каир декларациясы, Потсдам декларациясы және басқа да халықаралық-құқықтық құжаттар Қытайдың Тайваньға егемендігін нақты бекітті. Бұл тарихи әрі құқықтық фактілерді ешкім жоққа шығара алмайды.

Xinhua

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2758-резолюциясының да беделі күмәнсіз. Қытайдың қайта бірігуі – объективті тарихи үрдіс. Ақыр соңында Қытай біртұтас болады.

– Қазақстан мен Қытай фашизмге қарсы күресте одақтас болып, Жеңіске бірге үлес қосты. Сол кездегі достық туралы айтып берсеңіз. Бұл достықты келешек ұрпаққа қалай жеткізуге болады?

– 80 жыл бұрын Қазақстан, басқа да одақтас республикалармен бірге, Жеңіске үлкен үлес қосты. «ҚазАқпарат» деректеріне сәйкес, 1,2 миллионға жуық қазақстандық майданға аттанды, олардың әр екіншісі қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазақстан артиллериялық, авиациялық және басқа да әскери бөлімдер құрып қана қойған жоқ, сонымен қатар стратегиялық металдармен қамтамасыз еткен маңызды базаға айналды.

ineu.edu.kz

Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысы басталғанда Алматы қаласы ерекше рөл атқарды. Дәл осы жерден Қытайға Кеңес Одағының әскери көмегі жеткізіліп тұрды. Солтүстік-батыс халықаралық көлік дәлізі арқылы соғыс жүктері Қытайға үздіксіз жеткізіліп, Ланьчжоу арқылы майданға жіберілді. Бұл көлік желісі Қытай үшін соғыс кезінде өмірлік маңызға ие болды.

Қытай мен Қазақстан халықтары иық тірестіре жүріп фашизмге қарсы күресті. Бұл ортақ күрес өзара көмек пен ортақ сынақтарды еңсеруге негізделген достықтың мызғымас іргетасын қалады.

Қытай халқы 35 миллионнан астам құрбандыққа барып, дүниежүзілік антифашистік соғыстың басты шығыс майданын ұстады. Қазақстан халқы да Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, ұлттық деңгейде зор құрбандыққа барды. Екі халық Екінші дүниежүзілік соғыстың түпкілікті Жеңісін қамтамасыз етуде, ұлттық тәуелсіздікті қорғауда және адамзаттың жарқын болашағын жақындастыруда шешуші рөл атқарды.

Бүгін біз тарихты еске ала отырып, өткенді дұрыс түсінуге, үлкен құрбандықпен келген бейбітшілікті сақтауға, Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын қорғауға және ауыр сынақтардан өткен достығымызды нығайтуға тырысамыз.

Осыған байланысты Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі бірқатар еске алу іс-шараларын ұйымдастырды. Оның ішінде ҚР Қорғаныс министрлігімен бірлескен фотокөрме, сондай-ақ Қытай ЖОО-ларын бітірген қазақстандық түлектердің қауымдастығы қатысқан дөңгелек үстел бар. Бұл шаралар қазақстандық қоғам тарапынан үлкен назарға ие болды.

Тарихтан сабақ алу, өткенді есте сақтау және достықтың осы қазынасын келер ұрпаққа жеткізу аса маңызды. Жастар – ұлттың болашағы мен үміті. Сондықтан да біз жастарды тарихты құрметтеуге, екі ел арасындағы тату көршілік пен достық дәстүрін жалғастыруға баулуымыз керек.

– 1 қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Тяньцзиньде өткен «ШЫҰ плюс» форматындағы отырыста «Жаһандық басқару бастамасын» ұсынды. Бұл бастаманың қазіргі халықаралық жағдайда маңызы неде?

– Қазіргі халықаралық жағдай түрлі дағдарыстардың тоғысуымен сипатталады. БҰҰ мен көпжақтылық қағидаттарына елеулі сынақтар төніп отыр, жаһандық басқарудағы тапшылық артып келеді. Осындай жағдайда жаһандық басқару жүйесін жетілдіру бүкіл халықаралық қауымдастық үшін аса өзекті болып тұр.

Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық басқару бастамасы дер кезінде көтерілген және халықаралық тәртіпті сақтап, басқару жүйесін жетілдірудің қытайлық ұсынысы болып табылады.

Бұл бастама заманауи сын-қатерлерге жауап береді және әлемдік өзгерістерді бағыттайды. Ол бес негізгі қағидатты қамтиды: егеменді теңдікті қамтамасыз ету, халықаралық құқықты сақтау, көпжақтылықты жүзеге асыру, адамға бағытталған тәсілді ұстану және нақты әрекетке басымдық беру.

Жаһандық басқару бастамасы «кім басқарады, қалай басқарады және кім үшін басқарады» деген негізгі сұрақтарға жүйелі жауап береді. Оның қағидаттары БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына толық сәйкес келеді және мемлекеттердің басым көпшілігінің ортақ мүддесін бейнелейді.

Бұл бастама бар халықаралық жүйені бұзу немесе оған балама құруды көздемейді. Керісінше, қазіргі халықаралық жүйенің тиімділігін арттыруды мақсат етеді. Президент Тоқаев атап өткендей: «Қытай Төрағасы бүгін ұсынған Жаһандық басқару бастамасы халықаралық қауымдастықтың даму болашағына қатысты ұзақ мерзімді көзқарасты қамтиды».

Жаһандық басқару бастамасы – Қытайдың халықаралық аренадағы жауапкершілігі мен белсенді ұстанымының көрінісі. ҚХР бұрыннан-ақ халықаралық міндеттемелерін адал орындап келеді. Бұған дейін Си Цзиньпин Жаһандық даму бастамасын, Жаһандық қауіпсіздік бастамасын және Жаһандық өркениет бастамасын ұсынған болатын. Жаһандық басқару бастамасы – осы үшеуінен кейін ұсынылған төртінші ауқымды қытайлық бастама.

Бұл бастамалар бір-бірін толықтырып, даму, қауіпсіздік, өркениет және басқару салаларын қамти отырып, тұрақсыз әлемге сенімділік пен тұрақтылық енгізеді. Бұл Қытайдың халықаралық істердегі жауапкершілігін, сондай-ақ адамзат өркениетінің прогресіне қосқан үлесін айқын көрсетеді.

Әлемдік тұрақсыздық пен белгісіздік жағдайында Қытай тарихтың дұрыс жағында, адамзат прогресінің және көпжақтылықтың жағында қала береді. Қытай ортақ талқылау, ортақ құрылыс және ортақ пайдалану қағидаттарына сүйене отырып, БҰҰ мен мүдделі тараптармен үйлесімділікті нығайтып, Жаһандық басқару бастамасын бірлесіп ілгерілетуге дайын. Бұл күш-жігер әділетті де теңгерімді жаһандық басқару жүйесін құруға және «ортақ тағдыр қауымдастығын» қалыптастыруға бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -