Халықаралық әскери-патриоттық жарыста жүлделі орын иеленген Ұлттық ұлан әскерінің «Жас бүркіт» клубының тәрбиеленушілері марапатталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Маусым айында Ақтөбеде өткен «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.
Бұл додаға Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 51 команда қатысқан болатын. Осы сайыста Ақтөбе қаласындағы №10 мектептің «Жас бүркіт» клубы өнер көрсетіп, үшінші орынға ие болды.
Бүгінде сол «Жас бүркіт» клубының тәрбиеленушілерін марапаттау рәсімі өтті. Жас патриоттарға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының, сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Марапаттарды Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Бақыт Алазов тапсырды. Ол құттықтау сөзінде жастардың табандылығы мен бірлігі олардың отансүйгіштік болмысын айқындайтынын атап өтті. Іс-шара естелік суретке түсумен аяқталды.