Димаш пен Hunan Broadcasting System телеарнасы бірлесе жүзеге асырып жатқан халықаралық жобаның түсірілімі басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Түркістан облысында Димаш Құдайберген атқарушы продюсерлік ететін Voice Beyond Horizon халықаралық музыкалық шоуының түсірілімі басталды. Жобаға Қазақстан, Қытай, Италия, Малайзия, Сербия және Қырғыз елдерінің әншілері қатысуда.
Қатысушылар Түркістан қаласына пойызбен келді. Түсірілім барысында олар өңірдің басты туристік және мәдени нысандарында болады. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде, көне Отырар қалашығында, Karavansaray туристік кешенінде және этноауылда түсірілім жұмыстарын жүргізеді.
Байқау қатысушыларының өнерін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалайды.
Түркістандағы түсірілім аяқталған соң жоба шығармашылық сапарын еліміздің басқа өңірлерінде жалғастырады. Халықаралық шоу Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтеді. Жобаның финалдық кезеңі елордада ұйымдастырылмақ.
Атап өткен жөн, Voice Beyond Horizon жобасын Димаш Құдайберген Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесе жүзеге асыруда. Аталған телеарна мен оның Mango TV цифрлық платформасын күніне 210 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Осы арқылы әлемдік аудитория Қазақстанның туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндік алады.
Жоба Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, "Жолаушылар тасымалы" АҚ мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауына ие.