Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қаламы қарымды драматург Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қазақы қара сөздің алдаспаны» атты конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиынға Қазақстан Жазушылар одағы мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, әдебиеттанушылар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар жазушының шығармашылық болмысы туралы баяндама жасады. Ғалымдар Қалихан Ысқақтың қазақ прозасында қалыптастырған көркемдік дәстүрі, тілдік өрнегі және драматургия саласындағы ізденістері жөнінде сөз қозғады.
Конференция барысында жазушы туралы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетіліп, көпшілік назарына Ұлттық кітапхана қорынан жинақталған кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған суретшілер байқауының үздік туындылары жұртшылыққа таныстырылды.