14 қыркүйек – Отбасы күні. Бұл мерекенің мәні – қоғамның басты тірегі саналатын отбасының қадір-қасиетін насихаттау, деп хабарлайды DKNews.kz.
Атыраудағы Ұлттық ұланның әскери қызметшілері үшін бұл күннің орны тіпті ерекше.
Өйткені 5546 әскери бөлімінде онға жуық ерлі-зайыпты ел қауіпсіздігі жолында иық тірестіре қызмет етіп келеді. Солардың бірі – Жашибаевтар әулеті.
Отағасы Дәурен мен Гүлзада әскери борышты қатар атқарып қана қоймай, алты бірдей баланы тәрбиелеп отырған өнегелі жанұя.
«Әскер – біздің ортақ өмірлік жолымыз. Қызмет пен отбасын қатар алып жүру – жауапкершілік пен сенімге негізделеді. Ұл-қызымызды да елін сүйетін, адал азамат етіп өсіруге тырысамыз», – дейді Дәурен Жашибаев.
Ұлттық ұлан сапындағы мұндай отбасылар – елге адал қызметтің, бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісі.